Ақтөбе облысының тарихы

Ақтөбе облысы Қазақстан Республикасының солтүстік-батысында орналасқан Батыс Қазақстан өңіріндегі ірі әкімшілік бірліктерінің бірі, шығысында Өлкейек аңғарынан батыстағы Қиылға дейін шамамен 800 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке дейін 700 шақырымға созылған, жалпы жер көлемі 300 мың км 2 жерді алып жатыр.

Тарихи жағынан Ақтөбе облысы Еуропа мен Азия тоғысында орналасқан мәдениеттердің шекаралық аймағы есебінде көпұлттылық, мәдениеттердің байланыстылығы мен конфессияаралық байланыстар сияқты өзіндік ерекшеліктері негізінде қалыптасып дамыды. Аймақ ерекшеліктерінің бірі, оның территориясы арқылы ежелгі заманнан бастап тарих қозғалысының иірімінде ұйыған, жерсінген және араласқан тайпалар мен рулар негізінде мәдениеттер мен этносаралық байланыстарды анықтаған маңызды миграциялық бағыттардың күретамыры (сауда, керуен жолы, жаулап алу бағыттары, қоныс аудару бағыттары және т.б.) өтті.

Бүгінде Ақтөбе облысы батысында Атырау және Батыс Қазақстан облыстарымен, солтүстігінде Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, солтүстік-шығысында Қостанай облысымен, шығысы мен оңтүстік шығысында Қарағанды және Қызылорда облыстарымен, оңтүстігінде Қарақалпақстан автономиясымен (Өзбекстан Республикасы) шектесіп жатыр.

Алтын сырға. Бесоба қорымы, Мәртөк ауданы, ХХ ғ. 70 жылдарындағы М.Қ.Қадырбаевтың қазба жұмыстары

Аңдық стильде бейнеленген ат әбзелдерінің қаңылтыр әшекейлері. Бесоба қорымы, Мәртөк ауданы. ХХ ғ. 70 жылдарындағы М.Қ.Қадырбаевтың қазба жұмыстары

Конус тәрізді алтын сырға. Бесоба қорымы, Мәртөк ауданы. ХХ ғ. 70 жылдарындағы М.Қ.Қадырбаевтың қазба жұмыстары

Облыс территориясында өткен үдерістердің сан алуандығын көрсететін ескерткіштер кездеседі. Мысалға, олар Мұғалжар тауларының ерте палеолит ескерткіштерінде, қола дәуірінің Тәңірберген, Жаман Қарғалы және Шығыс Құрайлы жерлеу қорымдарында айқын және таңғажайып ретте көрініс тапқан. Қола дәуірінің археологиялық ескерткіштерінде зороастризм дінінің қағидаларына негізделген ежелгі дәуір тұрғындарына тән, қайталанбас діни жоралғыларды көруге болады. Қола дәуірінен кейінгі адамзат баласының дамуындағы кезең ерте темір дәуірі деп аталады. Ақтөбе облысының пайдалы қазбаларға бай әрі ыңғайлы орналасуы оның Қазақстан тарихындағы ерте замандардан бастап маңызды рольге ие болуын көрсете білді. Б.з.д. І мыңжылдықта Ұлы даладағы этномәдени елеулі үдерістерде көшпелі халықтар скиф немесе сақ тайпалары басымдылыққа ие болды. Облысымыздың жеріндегі ерте темір дәуірі ескерткіштерінің орналасуындағы Елек өзенінің бассейні қолайлы аймақ болып табылады. Ескерткіштердің ең әйгілісі – Сынтас, Бесоба, Нагорненский, Сапибұлак, Төрт оба, Ешкіқырған I және т.б. қорымдары.

Еуразияны мекендеген халықтар арасындағы көшпелі қоғамның бейнелеу өнерінің ерекше таңғажайып үлгісінде «аңдық стилі» ең жарқын мәдени үлгісі болды. Жалпы бейнелеу әдістеріндегі «аңдық стилде» өзіне тән жергілікті белгілері болды. Яғни атап айтсақ, біздің аймақтың тұрғындары жергілікті хайуанаттар әлемінің жыртқыштарын – бөрілердің бейнесін кеңінен бейнелеген. Сондай-ақ түйені де біздің аймаққа тән жануар деп атауға болады.

Аңдық бейнедегі белбеудің айылбасы. Сарматтар, Нагорный және Күміссай қорымдары, Мәртөк ауданы. ХХ ғ. 70 жылдарындағы М.Қ.Қадырбаевтың қазба жұмыстары
Тас құрбандық табағы. Сарматтар, Нагорный және Күміссай қорымдары, Мәртөк ауданы. ХХ ғ. 70 жылдарындағы М.Қ.Қадырбаевтың қазба жұмыстары

Біздің заманымыздың VІ ғ. ортасынан бастап далалық Орталық Азия аймағының даласында түркітілдес бірлестіктердің басымдылығы етек алды. Түрік қағанатының құрылуынан бастап түркілердің батыс бағытта үздіксіз жылжуы басталады. VІІІ-ІХғғ. Ақтөбе облысының аумағы оғыз және печенег бірлестіктерінің өзара күресі болған алаңға айналды.

Түрік кезеңінің мүсіні. Кездейсоқ табылған. Талдық өзенінің алабы. Әйтеке би ауданы.

Алтын тостаған. Орқаш қорымы, Мұғалжар ауданы. Алтын Орда кезеңі, ер адамның қабірі. 1992 жылғы С.Ю.Гуцалов пен А.А.Бисембаевтың қазба жұмыстары

Күмістелген қола айна. Алтын Орда кезеңі, әйелдің қабірі, Салтақ қорымы, Қарғалы ауданы. 1992 жылғы С.Ю.Гуцалов пен А.А.Бисембаевтың қазба жұмыстары

Қыпшақтардың тарих сахнасына тұрақты орнығып, Еуразия даласына өз үстемдіктерін орнатуы отырықшы мемлекеттермен белсенді қарым-қатынас жасауына әкелді.

ХІІІ ғ. бірінші жартысында моңғол шапқыншылығы ұлттың қалыптасу үдерісіне әсер еткен құрылымдық жағдай кілт тоқтауына себеп болды.

Абат Байтақ кесенесінің орталық қабірінен табылған аса таяқтың басы, ХІҮ-ХҮ ғасырлар. Алтын Орданың ыдырау кезеңі. 2004 жылғы қазба жұмыстары, авторлары Е.А.Смагулов, С.М.Виноградов
Абат Байтақ кесенесі. Қайта қалпына келтіргеннен кейінгі көрініс. Қобда ауданы, 2005 жыл
 
 
 

Біздің заманымыздың ІІ мыңжылдығының ортасы мен екінші жартысының аралығы Ұлы даланың мемлекеттік құрылымдары – алдымен Алтын, кейін Ақ Орданың негізінде қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңі болды.

Сонымен, Дешті Қыпшақ аумағының орталық бөлігі – Ақтөбе жері тұрғындары тарихының ортағасырлық тарихы  тарих сахнасынан кеткен мемлекеттер және тайпалармен байланысты аңыздарға бай.

Қобыланды батыр кесенесі, Жиренқопа ауылы. Қобда ауданы, 2007 жыл

ХІV ғ. 90-жж. Жайық пен Жем арасындағы батысқазақстандық жерлерге маңғыт тайпалары – болашақтағы ноғайлар қоныстанды. Екі ғасыр бойы маңғыт билеушілері Ор, Жем, Елек өзендерін бойлай көшіп жүрді. ХVІ ғ. бірінші ширегінде қазіргі Ақтөбе облысы аумағында орналасқан ноғай жайылымдарыЖем бойы далаларынан ноғайларды белсенді ығыстыра бастаған қазақ хандарының жер дауының нысанына айналды.

Қазақ хандығында Қасым хан билікке келгеннен бастап қазақтардың ноғай жайылымдарына шапқыншылығы күшейді. XVI ғ. аяғы – XVII ғ. ноғайлар Батыс Қазақстанның қазақтарымен араласып кетіп, уақыт өте келе Кіші жүздің түрлі ру-тайпалық бөлімшелерінің құрамына кірігіп кетті.

Сопы абыздың аса таяғы, ХҮІ-ХҮІІ ғасырлар, Қобда ауданы Жиренқопа ауылындағы Т.Накештің отбасында сақтаулы

XVII-XVIIІ ғғ. тоғысында қазіргі Ақтөбе облысының аумағын мекендеген Кіші жүз қазақтары Батыс Қазақстан аумағының шығыс бөлігін алып жатты. Бұл кезең қазақ халқы үшін жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте үлкен сын болды. Қазақ халқы үшін осы қасіретті жылдары, «Ақтабан шұбырындының» алғашқы айларында Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан сыртқы жауға шешуші тойтарыс берген  алғаш және жалғыз билеуші еді.

XVIIІ ғ. 40-жж. көшпелі қоғамды билеудің орталықтанған жүйесін құрудағы және үш жүз қазақтарын біріктірудегі ұмтылысында Орынбор әкімшілігінің қолдауына ие болуға талпынды, бірақ Орынбор өлкесінің губернаторы И.И.Неплюевтің тарапынан қарсылыққа тап болды.  

Қазақстанның барлық аумағына Ресей өкіметінің саяси ықпалын таратуын аяқтаумен байланысты болған ХІХ ғ. ортасындағы Ресей мемлекетінің саясатында жаңа кезең басталды.

Ақтөбе бекінісінің негізі қалануы және оның Актюбинск уездік қаласына айналуы. 1869 жылдың мамыр айының басында Елек және Қобда өзендерінің аралығына №4 Орынбор казак батальонының екі ротасынан, жүздеген орынбор казактарынан, губерндік батальонның 169 адамдық тобынан және 14 артеллиристен құралған отряд Елек уезді қазақтарының көтерілісін басуға және Орта Азияға жылжуына тосқауыл қою үшін пайдаланатын плацдарм болатын бекіністің негізін қалау үшін жіберілді.

1869 жылғы Ақтөбе бекінісінің бас жоспары

1869 жылдың 14 мамырында полковник Ю.А.Борхтың басшылығымен отряд «Ақтөбе» жеріне – Қарғалы мен Елек өзендерінің қиылысына келді. 5 күннен кейін артиллериялық қарудың атуымен және Торғай облысының әскери губернаторы Л.Ф. Баллюзектің қатысуымен Ақтөбе бекінісінің негізі қаланды.

Бекініс құрылысының жоспары алғаш рет 1874 жылы жасалды. Шағын бірінші аудандар құрылды: Құрмыш, Татарская слабодка, Отарвановка. Тұңғыш көшелер Гарнизонная, Крепостная, Оренбурская, Елекская, Гиоргиевская деп аталды. 1891 жылы Ақтөбе гарнизондық бекініс Торғай облысының Ақтөбе қаласына айналды.

1874 жылғы Ақтөбе бекінісінің бас жоспары

 

1932 жылдың 10 наурызында орталығы Ақтөбе қаласы болған Ақтөбе облысы құрылды. Облыс алғашында 17 ауданнан тұрды: Адамов, Ақбұлақ, Ақтөбе, Арал, Батпаққара, Жетіқара, Ырғыз, Қарабалық, Ключевой (қазіргі Алға), Қостанай, Меңдіғара, Семиозерный, Табын (қазіргі Байғанин), Темір, Обаған, Қобда, Шалқар. Сол жылы Ақбұлақ ауданынан Мәртөк ауданы бөлініп, Ақбұлақ ауданы Орынбор облысына берілді. 1936 жылы Ақтөбе облысының 11 ауданынан Қостанай облысы құрылды. 1938 жылы Арал ауданы Қызылорда облысына берілді.

Қаланың жалпы көрінісі Теміржол вокзалы. 1916 жыл «Триумф» кинотеатры

Сол жылы  облыста Родниковка ауданы құрылып, кейін 1957 жылы аудан таратылып, оның аумағы Степной және Мәртөк аудандарына берілді. 1940 жылы Ақтөбе облысының бірнеше аудандары ірілендірілді. Ойыл ауданының кейбір аумақтары Атырау облысына өтті. Ойыл ауданы ірілендіріліп, аудан атауы Алтықарасу ауданы болып өзгертілді. 

№ 11 орта мектеп. 1936 жыл 2 класты орыс-қазақ училищесі, қазіргі облыстық тері-венерологиялық диспансері Индустрияландыру жылдарындағы Гурьев-Қандыағаш теміржолы құрылысының салынуы

Ұлы Отан соғысы жылдарында облыстан майданға 122 мыңнан аса адам аттанды, оның 36192 қайта оралмады. Ақтөбеде 1941 жылы 312-атқыштар дивизиясы, Мәскеу түбінде шайқасқан 101-ұлттық атқыштар бригадасы, 74-теңіз атқыштар бригадасы  құрылды. Соғыстың алғашқы жылында Ақтөбе қаласына Мәскеуден рентген аппаратурасының зауыты (Актюбрентген), Днепропетровсктен «Большевик» артелі (кейін Актюбсельмаш). 1941 жылы Ақтөбеде авторемонт, авиаремонт, лак-бояу, кірпіш зауыттары іске қосылды.

Актюбрентген зауытында ел қорғаны үшін ПМ-1 және ПМ-2 жарғыш машиналарының сериялық шығарылуы ретке қойылды.

Ақтөбе – 37 Кеңес Одағы Батырларының отаны. Олардың көбісі майданда мерт болды. Ондаған мың майдангерлер орден, медальдармен марапатталды. Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың қатарында – Әлия Молдағұлова, Михаил Петрович Колесников, Қожағали Жазықов, Николай Владимирович Тераценко, Иманғали Білтабанов, Ораза Жанзақов, Иван Максимович Пятковский, Михаил Семенович Прохоров,Михаил Кошелев және т.б.

 Соғыстан кейінгі жылдары қорғаныс кешенін және ауыр индустрияны дамытуға негіз болған өнеркәсіптік даму стратегиясын дамыту жалғастырылды. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі қалдық принципі бойынша қаржыландырылды. Ақтөбе облысының табиғи байлықтары облыстың өнеркәсіптік даму профилін анықтады. Облыс аумағы Батыс Қазақстандағы қазба байлықтарына бай өлке. Мұнда фосфорит, калий тұзы, хромит, никель, мыс, мұнай, газ құрылыс материалдарының ірі кен орындары орналасқан. Облыста тау-кен байыту, химия, мұнайгаз, қара металлургия, машина құрылысы және т.б. ауыр өнеркәсіп салалары дамыды.

Хромиттердің қоры мен хром окисі бар Кемпірсай кен байыту орнына әлемде тең келетін орын жоқ. Облыс аумағында химия өндірісінің ірі өнеркәсібі Хром қосылысының Ақтөбе зауыты болып табылады. Оның құрылысы 1948 жылдың 7 мамырында КСРО-ның Химия өндірісі министрлігінің шешімімен басталды. Ақтөбе химкомбинатында 1954 ж. КСРО-да алғаш рет бормагнилік «микротыңайтқыштар» өнеркәсіптік өндірісі басталды. 1961 жылдың аяғында ХҚАЗ (АЗХС) натрийдің түйіршіктелген бихроматының өндірісі басталды. Өнім әлемдік нарықта бәсекелестікке тұра алатын өнімге айналып, Англия, Франция, Аргентина, Бельгия, Жапония және т.б. елдер кіретін 27 елге экспортқа шығарылды.

Ақтөбе облысының автокөлік жолдар желісі 22 036,6 км жетті, оның ішінде 1867 км республикалық маңыздағы, 20156,6 км жергілікті маңызы бар жолдар болды. Ең маңызды жолдар Ақтөбе-Новороссийск, Ақтөбе-Новоалексеевка, Ақтөбе-Қосестек, Шалқар-Торғай болды.

1958-1960 жж. облыста «Б» тобына  республика бойынша өнеркәсіпті қаржыландыру көлемі 8,5% құрады. 1959 ж. сыйымдылығы 32 мың тонна болатын элеватор іске қосылды. Комбинаттың өнімі көршілес облыстарға, Сібір, Қиыр Шығысқа, Орта Азияға, Вьетнамға және т.б. экспортталды.

1959-1965 жж.Ақтөбе қаласының абаттандыру қарқынды жүргізілді. 1962 ж. ҚазССР Министрлер Кеңесімен бекітілген және «Қазгипросовхозсуқұрылыс» Ақтөбе филиалымен жасақталған басжоспар негізінде қаланы абаттандыру жұмыстары жүргізілді.  Авторлық ұжымның құрамында инженерлер Бендебери, Андронова, Бреннер, Круземент, Новоженин, Князев жұмыс жасады. Кеңформатты кинотеатр, автоматты телефон станциясы, типтік мектептер, бала-бақшалар, дүкендер, планетарий салынды. Осы жылдары Ленин даңғылы (Әбілқайыр хан даңғылы), Карл Либкнехт (қазіргі Шернияз көшесі), Коммунистическая (қазіргі Алтынсарин көшесі) көшелері салынды.

«Октябрь» кинотеатры

Облыстың малшаруашылығы саласында қой өсіру жетекші орында тұр. 1960 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша облыс көлемінде 1625 мың қой, 349 мың ірі қара, 48 мың шошқа болған. 1953-1962 жылдар аралығында колхоздар мен совхоздар 2562 мың гектар тың және тыңайған жерлерді игерген. 1966 жылы 29 млн. тонна қоры бар Кеңқияқ өндірістік кен орнының өңдеу фабрикасының құрылысы басталды. 1970 жылы желтоқсан айында Ақтөбе кондитерлік фабрикасы ашылды. Оның жылдық қуаттылығы 33 мың тонна болатын 85 млн. рубльді құрады.

Нәтижесінде Ақтөбе облысы республикада өндірістік кәсіпорындар деңгейінде жетекші орынды иеленді. 1979 жылы облыстағы 96 кәсіпорын елімізге 1940 жылмен салыстырғанда 35 есе көп өнім берді.

 

Нұр Ғасыр мешіті. 2008 жыл
Әулие Николай кафедралдық соборы. 2008 жыл

Бүгінде облыс экономикалық потенциалы жоғары, мәдени мұраға бай өлке. Ғажайып минералды шикізатқа да бай.

Облыс аумағынан республикалық маңызды теміржолдар мен автожолдар өтеді және үш халықаралық әуежайдің бірі орналасқан .Президенттің айтқанындай облыс Қазақстан экономикасының «локомативі» қызметінде үлкен өндірістік потенциалға ие. 93 мемлекетпен сауда байланысында, ал, әлемнің 52 елі облыс өнімдерін тұтынуда.

Хром кенінің қоры жөнінен (400 млн.т) дүниежүзінде 1-ші орында, мыс кенінен (100 млн.т) Қазақстан бойынша 3-ші орында, газ қоры жөнінен 4-ші орынға ие. Ал мұнай қоры 900 млн. тоннаға жетеді.

2004 жылы іске қосылған Хромтау-Алтынсарин теміржол желісі (402,8 шақырым) елорда Астана қаласымен тікелей байланысты күшейтті.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік автомобиль жолы дәлізінің 700 шақырымға жуығы облыс териториясынан өтеді.

Қосылды: 
16.02.2016 - 14:23
Соңғы өзгерiстер: 
26.08.2016 - 10:20