14 мың адам «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының кезекті кезеңімен қамтылды

Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстық терроризмге қарсы комиссияның отырысы өтті.

Отырыс кезінде Мәртөк, Шалқар, Мұғалжар аудандарының терроризмге қарсы комиссияллары жұмысының тиімділігі, сонымен қатар, «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының жетінші кезеңінің қорытындысы қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, облыс прокурорының бірінші орынбасары Азамат Дүйсембеков, сонымен қатар, аудан әкімдері бейнеконференция арқылы баяндамаларын оқыды.

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мәлімдегендей, облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 14 мың азаматты қамти отыра түрлі форматтағы 126 іс-шара өткізілді. Соның ішінде, қайырымдылық көмек көрсетіліп, бизнесті ұйымдастыру және жүргізу бойынша оқу семинарлары, тренингтер мен шеберлік сабақтары өткізілді, ШОБ-ті дамытудың мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді, теологтар мен имамдар және басқа да сарапшылар тобы ауыл тұрғындарымен, сонымен қатар, деструктивті діни ағым өкілдерімен жекелеген және топтық кездесулер өткізді. Профилактикалық ықпал ету шаралары халықтың түрлі тобына көрсетілді.

Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі жобаға оның тиімділігін көтеру үшін халықпен қарым-қатынас жасаудың жаңа құралдарын енгізу қажеттігін атап өтті.

 - Жобаны жүзеге асырубасталғаннан бері біздің облыста үлкен жұмыстар атқарылды, негізгі мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Осымен тоқтап қалмау керек, - деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын оңтайландыру ұсынысы терроризмге қарсы комиссияның келесі отырысында қаралмақ.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі