2019 жылы ақтөбелік ауыл шаруашылығын өндірушілерді субсидиялауға 5,7 млрд теңге бөлінді

Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин халықпен есептік кездесуінде мәлімдеді.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өңірдің табысты дамуының басты ресурстарының бірі болыпқала беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы тек ішкі нарықта ғана емес, шетелде де талап етілетін органикалық және экологиялық таза өнім шығару міндетін қойды. Осы мақсатта былтыр 2020-2025 жылдарға арналған АӨК дамыту бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. 2019 жылы ауыл шаруашылығының өсімі 103,7%-ға жетті. Суармалы жерлер көлемі 21,9-дан 30,2 мың гектарға дейін, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 11,5%-ға, яғни 656 мың гектардан 731,4 мың га-ға дейін өсті»,- деді Оңдасын Оразалин.

Цифрландыру элементтерін енгізу арқылы (алаңдарды электронды түрде есепке алу, аэроғарыштық мониторинг жүргізу) мемлекетке көлемі 595,3 мың гектар болатын 291 учаске қайтарылса, оның 26,4 мың гектары - егістік аумағы. Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін аумағы 771,5 мың гектар 427 жер телімі берілді, оның 36 мың гектары егістікке арналған.

Сиыр еті экспортының көлемі 2 есеге артып, 4,4 мың тоннаны құрады.

Мал шаруашылығында ірі қара мал басы – 6,3%, жылқы – 12,1%, қой-ешкі – 1,6% және түйе – 2% өсіп, ет өндірісі 8,5%-ға, сүт 3,2% және жұмыртқа 2,6% артты. Субсидиялау шығындарының жалпы сомасы өткен жылы 15,7 млрд.теңгені құрады.

«2025 жылға қарай ірі қара және ұсақ мал басын үш есеге көбейтуді, облысқа 440 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара мал әкелуді және 3 жыл ішінде жаңа кәсіпорындар құру арқылы құс еті тапшылығын жабуды жоспарлап отырмыз. Егер бүгінде ет Ресейге, Өзбекстан және Иранға экспортталса, болашақта экспорт көлемі мен аймағы айтарлықтай артып, Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай және басқа да елдерге жіберілетін болады. Осы міндеттерді шешу үшін жем-шөп базасын, суармалы жерлердің көлемін 3,5 есе немесе 100 мың гектарға дейін үдемелі қарқынмен ұлғайту қажет, бұл өнімділікті едәуір арттырады»,- деп жоспарларымен бөліскен өңір басшысы өңірде 32 су қоймасының құрылысы есебінен облыстың су-ресурстық әлеуетін арттыру шаралары қабылданып жатқанын қоса айтты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі