Ырғыз ауданында жеті жетім баланың отбасына баспана мен жұмыс берілді

Все рабочие поездки акима
Дүйсенбі, 30 Шiлде, 2018

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында «Ырғызым – ырысты мекенім!» республикалық жерлестер форумы өтті. Оған ауданның Ақтөбе облысынан тыс жерлерде тұрып жатқан табысты тумалары қатысты.

Форум «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Шараның басты мақсаты – туған жерге деген патриотизм мен сүйіспеншілікті қалыптастыру, белгілі бір жетістіктерге жеткен аудан тумаларын туған өлкесін әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытуға тарту.

Форумның басты шарасы қатысушылар жергілікті тауар өндірісін, ауыл шаруашылығын, бизнес пен азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін дамыту сұрақтарын талқылаған конференция болды.

Нәтижесінде Ырғыз ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысына жеке инвестициялар тарту туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында балабақша, спорт алаңы құрылысы мен Ырғыз ауылындағы көшелерді жарықтандыру, сонымен қатар Құмтоғай және Тәуіп ауылдарына екі саябақ салу туралы келісімдерге қол қойылды. Жобалардың жалпы құны – 100 млн теңгеден асады.

Сондай-ақ, бірқатар қайырымдылық шаралары өтті. Атап айтқанда, «Бақытты бала» өңірлік бағдарламасы аясында 17 бала Астанаға жолдама алды. Бұдан басқа, балалар үйінде тәрбиеленген жеті баланың отбастарына жайлы жабдықталған пәтерлердің кілттері табысталды. Баспанамен қатар, отбасылардың ересек мүшелері жұмыспен қамтылды.

Жаңа қоныс иелерін Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов құттықтап, үйлеріне бақыт пен молшылық тіледі. Ол өзінің құттықтау сөзінде бірден жеті жанұяны баспаналы қылған кәсіпкер Ибрагим Сәрсенбаевты ерекше атап өтті. Аудан әкімі «Туған жерге тағзым» акциясына белсенді түрде қатысқан Ибрагим Сәрсенбаевқа, сонымен қатар, кәсіпкерлер Хамит Өтеуұлы мен Боран Ермахановқа «Жомарт жүрек» марапаттарын табыстады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі