ШОБ «Баспана-хит» нарықтық ипотекалық өнім және «7-20-25» бағдарламалары туралы

ПРЕСС – РЕЛИЗ

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы, «Баспана-хит» нарықтық ипотекалық өнім және  «7-20-25» бағдарламалары туралы

Короновирустық инфекция пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына теріс ықпалына байланысты, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, жеке кәсіпкерлерді қолдау үшін, сондай-ақ  «Баспана-хит» нарықтық ипотекалық өнім және  «7-20-25» бағдарламалары шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша қарыз алушыларға қолдау  шараларын көрсету мақсатында, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша:

1.Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі.

Аталған бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінді.

Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредиттер беруі арқылы іске асырылады. Екінші деңгейдегі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 ай.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасының операторы болып «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ айқындалды.

 Бағдарламаға қатысушы банктердің бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банктердегі депозиттерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға пайдалануына және өзге мақсатқа сай пайдалануына тыйым салынады.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кәсіпкерлерге берілген жеңілдікті кредиттердің уақтылы және мақсатты пайдаланылуына ай сайынғы негізде мониторинг жүргізетін болады. «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ апта сайынғы негізде мониторинг жүргізетін болады.

Жеңілдікті кредиттер шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне айналым қаражатын толықтыруға, оның ішінде тауарларды, жұмыс, қызмет, салық және басқа да бюджетке төлемдерді, қолма-қолсыз амалмен еңбек жалақыны төлеуге беріледі.

Қаржыландыру барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, ерекше қатынастағы банктермен немесе ҚР бейрезиденттерімен не мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің еншілес құрылымдарымен байланысты тұлғалар болып табылатын 90 күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен несиелік берешегі бар тұлғаларды қоспағанда беріледі.

 2. Қазақстан Ұлттық Банкі коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты халықтың қаржылық жағдайын қолдау үшін Елбасының халыққа «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыру шеңберінде бастама жасалған «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына, сондай-ақ «Баспана-хит» тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер енгізді.

Бағдарламаларға толықтырулар коронавирустық инфекция пандемиясының таралуы және елде төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушылар үшін негізгі борыш және (немесе) сыйақы төлемдері бойынша күнтізбелік 90 (тоқсан) күнге дейінгі мерзімге айыппұлдар және (немесе) өсімпұлдар есептеместен мерзімін ұзартуды көздейді.

Төтенше жағдай кезеңінде қиын ахуалға тап болған қарыз алушылар банктермен бірлесіп төлемдер бойынша ақы төлеудің ыңғайлы тетігін әзірлеп шығарады. Бұл ретте аталған өзгерістер кредиттік бюроға ұсынылатын қарыз алушылардың кредиттік тарихына әсер етпейді.

«Баспана-хит» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша қарыз алушыларды қолдау шараларын іске асыру банктермен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.

Тұрғын үй бағдарламаларының қарыз алушылары ай сайынғы төлемдерінің мерзімін ұзартуды елде төтенше жағдай енгізілген күн 2020 жылғы 16 наурыздан бастап ала алады.