Футболдан жасөспірімдер арасында Ақтөбе облысы әкімінің кубогі үшін халықаралық турнир басталды

 Бейсенбі, 2 мамыр күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин футболдан 2006 жылғы  жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған  халықаралық турнирдің ашылу салтанатына  қатысты.

Облыс әкімінің кубогіне жалпы саны 6 команда таласатын болады. Ақтөбе өңірінен «Ақтөбе» ФК мен №8 Балалар және  жасөспірімдер спорт мектебінің командасы намысты қорғаса, Ресей елінен келген «Оренбург», «Носта» командалары Қырғызстан елінің  «Фрунзе» командасы және Өзбекстан елінің «Бунедкор» ФК-ның ойыншылары өзара  бақ сынайды.     

«Өңірімізде спортты дамытуға және спорттық ғимараттарды арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Спорттың барлық түрлеріне қолайлы жағдайлар жасау мақсатында алдағы уақытта заманауи жеңіл атлетика стадионы, бокс орталығы, шаңғы базасы және басқа да спорттық объектілер қолданысқа беріледі. Бүгінгі турнирге қаламыздың командаларынан басқа Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғыстанның футбол командалары қатысып отыр. Бүгінгі турнирдің ашылуымен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын! Барлық қатысушыларға мықты денсаулық, жаңа спорттық жетістіктер тілеймін»,-деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.                                                  
Айтып өтейік, 4-ші рет өткізіліп жатқан турнирдің мақсаты жергілікті жеткіншектерге қолдау көрсету, жоғары сапалы, халықаралық бәсекеге қабілетті тәжірибе алмасу. №8 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол алаңында өтіп жатқан жарыс мамырдың алтысына дейін жалғасады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі