Премьер-Министрдің орынбасары бастаған Үкімет делегациясының мүшелері жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болды

14 наурыз, сенбі Ақтөбе қаласында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоқжанов, Мемлекет басшысының көмекшісі Қанат Бозымбаев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов, Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің және т.б өңірдегі ірі кәсіпорын басшыларының қатысуымен жиын өтті. Ондағы мақсат, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты дағдарысқа қарсы нақты шаралар жоспарын әзірлеуде кездесетін проблемаларды талқылау, ұсыныстарды тыңдау.
«Мемлекет басшысы Үкімет тарапынан халыққа барлық міндеттемелерді толық орындау, жұмыспен қамту шараларын күшейту,әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Сіздермен кездесіп проблемаларды талқылау, тиісті шараларды қабылдау мақсатында келіп отырмыз. Әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты туындаған мәселе мұнай бағасының төмендеуіне тікелей байланысты .Сондай-ақ, дүние жүзіндегі короновирус індеті экономикаға әсерін тигізбей қоймайды. Үкімет тарапынан оңтайландыруға байланысты мүмкіндіктер қарастырылып жатыр»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоқжанов.
Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық жағдайды арттыру бойынша қойған міндеттерін орындау бағытындағы жұмыстарды атқару басты назарда екенін жеткізген облыс әкімі Ақтөбе облысы мұнай-газ секторының ағымдағы жағдайына тоқталды.

Облыстың өнеркәсіп саласында 868 кәсіпорын өз қызметін жүзеге асырады және онда 80 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Қабылданған Мемлекеттік бағдарламалардың аясында, өңірдің тау-кен өнеркәсібі саласында жыл сайынғы өнім шығару көлемінің өсімі байқалады. Мұнай-газ саласына келетін болсақ, оның салмақтық үлесі едеуір жоғары және өнеркәсіп құрылымының 35%-дан астамын құрайды және 15 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Ақтөбе облысының аумағында 45 келісімшарт бойынша көмірсутек шикізатын өндіретін 32 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс жасайды. Мұнай бағасы барреліне 30$-дан төмен түскен жағдайда, неғұрлым шығындық учаскелерде өндіруді төмендету бойынша түзетулер ішінара енгізілетін болады.Осы жағдайларға қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ өз қызметкерлерінің, яғни 6500 қызметкердің жалақысын 33%-ға көтерді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин алайда кейбір ірі сервистік кәсіпорындар жалақы деңгейін көтермей отырғандығын, сонымен қатар аймақта 20 жылдан астам уақыт бойы қызметін жүзеге асырса да білікті жергілікті кадрларды даярламаған компаниялардың барын айтты. Осы орайда өңір басшысы Ералы Тоқжановтан қызметкерлерді оқыту саласында жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерінің орындалуына бақылау мәселесін және , жер қойнауын пайдаланушылар үшін сатып алу ережелерін қатаңдатуды сұрады. Бұл мәселе Ақтөбе облысы үшін өте маңызды екенін жеткізген Оңдасын Оразалин өнімді жеткізудегі қазақстандық қамту талаптарын арттыра отырып, сатып алу ережелерін қайта қарау қажеттігін айтты. Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары жалақыны көтеруден бас тартқан «ККБК Великая стена» ЖШС, «Восток нефть и СО» ЖШС –нің басшыларына жуық арада бұл мәселені шешуді тапсырды. Алдағы уақытта облыс әкімінің өзге де ұсыныстары қаралатын болады.
Басқосуда дүние жүзіндегі короновирус індетінің экономикаға тигізетін әсері сөз болды.
«Үкімет тарапынан оңтайландыруға байланысты мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Біріншіден бүкіл әлеуметтік міндеттемелер уақытылы орындалатын болады. Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыссыздық деңгейінің өспеуін қадағалау мақсатында жол картасын әзірлеу. Жалақының уақытылы төленуі, азық-түлік бағасының өсуін реттеу үшін тұрақтандыру қорларындағы запастар пайдаланылатын болады. Халыққа қажетті тағамдардың 19 түрімен қамтамасыз етуге еліміздің толық мүмкіндігі бар»-деді Ералы Тоқжанов.
ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев министрлік тарапынан қабылданып жатқан шараларды атап өтті. Сыртқы шекаралардың жабылуына және шетелден келетін мамандардың кіруіне тыйым салынуына байланысты Премьер-Министр Асқар Маминнің тапсырмасымен компанияларда жұмыс жасап жатқан шетелдік азаматтардың жұмыс жасау рұқсатын ұзартуға шешім қабылданған. Сонымен қатар жергілікті қамтуды арттыру мәселесіне ерекше тоқталды. Жергілікті атқарушы органдар мен мұнай өндіру компаниялары басшыларына өңірлерді дамыту ды зерделеу бағытындағы жасалған «Скрининг» бағдарламасын оңтайлы пайдалануға шақырды. «Атамекен» ҰКП мен бірлесіп «Alash» портал базасы жасалғандығын жеткізді. Жаңа құрылған базада еліміздегі барлық мекемелер тіркеліп өнімдері мен көрсетілетін қызметтерді енгізуге мүмкіндіктері бар.
Президент көмекшісі Қанат Бозымбаев мемлекет басшысының төрағалығымен Шұғыл әрекет ету штабының кеңесі өткендігін жеткізді. Және кеңесте қаралған бірқатар мәселелерді баяндады.
«Еліміздің алдында тұрған міндет, мүлдем жаңа талаптар кезеңінде экономиканы орнықты, даму режимінде сақтау. Президент кәсіпорындар мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің медициналық қауіпсіздігін сақтау шараларын күшейтеді. Мектеп жасына дейінгі балаларын қарау үшін үйінде отыруға мәжбүр ата-аналардың біріне ақылы еңбек демалыс беру туралы мәселені жұмыс берушілерге түсіндіруді тапсырды.Президент бюджет шығындарына қатысты болжамды қысқа мерзімде қайта қарауды тапсырған. Мемлекет басшысы бюджетті механикалық түрде қысқартпай, бюджет шығындарын халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнестерді қолдауға бағыттау қажет деп санайды»,-деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
«Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев мұнай бағасының төмендеуі мен короновирустың етек алуына қатысты пікірін білдірді.
«Халықаралық мұнай нарығы келеңсіздіктерге алғаш рет түсіп отырған жоқ. Осыдан 5-6 жыл бұрын мұнай құны 2 есеге дейін төмендеген еді. Сол кезеңдегі жағдай біздерді шыңдай түскен. Бұл жолы да дәл солай қиындықтарды артқа салатынымызға сенемін. Ақтөбе облысында 3000 азамат жұмыс жасайтын 9 компаниямыз бар. Қазірдің өзінде 8 млрд теңгеге сатып алу келісімі жасалды»,-деді Алик Айдарбеков.
Жиынды қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоқжанов облыс әкімі Оңдасын Оразалинге мұнай бағасының өзгеруіне байланысты өндіріс жоспарларын қайта қарап, дағдарысқа қарсы жол картасын әзірлеуді, жұмыс орындарының сақталуы, жалақының уақытылы төленіп, еңбек дауларының алдын-алуды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі