Оңдасын Оразалин өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ауылшаруашылық саласындағы бірқатар нысандарды аралады.

Аймақ басшысы алдымен аграрлық ғылымның тәжірибелік тиімділігін арттыру арқылы агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық дамытумен айналысатын "Ақтөбе ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы" ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Ермек Жұмағазин облыс әкіміне алдағы жоспарларымен таныстырды.

Орталық егін саласына инновациялық тәсілдерді енгізу, жаңа технологияларды сынақтан өткізу және тәжірибелік шаруашылықтар базасында демонстрациялық полигондар құру, ҚР АӨК дамыту үшін отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу әзірлемелерін жүргізумен айналысады.

Биыл ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қаражаты есебінен 450 млн.теңгеге 14 бірлік заманауи техника сатып алған. Жыл соңына дейін 216,8 млн. теңгеге 6 бірлік техника сатып алуды жоспарлайды.

Сонымен қатар, өңір басшысына суармалы жерлерді қалыпқа келтіру, қой шаруашылығы мен жылқы шаруашылығын одан әрі дамытуға қолдау көрсету туралы ұсыныс білдірді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұдан соң, элиталы тұқымдық картоп өсірумен айналысатын «Пригородный» АШФ ЖШС болды. Ауылшаруашылық компаниясы биыл 12 га картоп, 4 га пияз , сәбіз 3 га, қырыққабат 3 га, 2 га аймақтарға қызылшаның ерте сұрыптарын отырғызды.

Компания мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланды. Өткен жылы Еуропалық Қайта Құру және даму банкі арқылы суармалы 461 га жерді пайдалануға мүмкіндік алды. 2020 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 1399 га суару инфрақұрылымын жүргізуді бастайды. Кәсіпорын басшылығы өз қаражаты есебінен көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Өңірде ауыл шаруашылығын дамыту үшін әлеуеттің зор екендігін, мемлекеттік қолдаудың да ерекше екенін айтып өткен облыс әкімі орынбасары Аманғали Бердалинге өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді және аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

Айтып өтейік, облыста жалпы 385 мың га аймаққа ауылшаруашылық дақылдары егілді. Оның 283 мың га дәнді-дақыл, 28 мың га-майлы дақылдар, 63,1мың га мал азығы, 5,4 мың га картоп, көкөніс 3,8 мың га, бақша өнімдері 716 га егілген.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі