Оңдасын Оразалин: Қарапайым жұмысшылардың еңбегі насихатталуы керек

Жұма, 16 қазан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жұмыстардың атқарылу барысын бақылады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен «Гүлдер» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті.
Аймақ басшысы мектепке дейінгі мекеме ішін аралап, сапасын қарады. 1970 жылы салынған ғимарат 280 орынға арналған. 154,6 млн. теңгеге нысанның ішкі, сыртқы жөндеуі жүргізілді. Ғимаратты жөндеу үшін жергілікті 45 азамат жұмысқа тартылды. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталып, тамызда пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 160 бала тәрбиеленуде.
Облыс әкімі М.Оспанов атындағы көшенің бойындағы салынып жатқан тротуардың құрылысымен, сондай-ақ, М.Оспанов көшесінен 101 атқыштар дивизиясы көшесіне дейінгі аула ішілік демалыс орнының құрылыстарымен танысты. Көлемі 4 мың м2 құрайтын жолдың бойындағы жарық бағаналары ауыстырылып, ескірген бордюрлар жаңартылмақ. Азаматтардың демалуына жағдай жасалады.
«Облыстағы аудан, қалаларда жүргізіліп жатқан аулаларды қалыпқа келтіру, спорт алаңдарын салу, жолдарды жөндеу сынды жұмыстарды күздің соңғы айларына дейін аяқтауды тапсырамын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бітпей жатқан жұмыстар келесі жылы міндетті түрде жалғасатын болады. Осы орайда М. Оспанов көшесінен 101 атқыштар дивизиясы көшесіне дейінгі скверге қарапайым жұмысшылардың еңбегін насихаттауға арналған ескерткіш орнатуды ойластыру қажет. Себебі кейінгі жастар қарапайым жұмысшылар мен құрылысшылардың еңбегін бағалай білуі тиіс. Олардың еңбегі кеңінен насихатталуы керек деп санаймын», - деді Оңдасын Оразалин.
Бұдан соң аймақ басшысы Мәскеу ауданындағы Жаманқұлов, Пушкин көшелерінің жөнделуімен танысты. Ұзындығы 1,2 км құрайтын Пушкин көшесінің жөнделуі толық аяқталды. Жаманқұлов көшесінің орташа жөндеуі жалғасуда. Екі көшеге 118 млн теңге жұмсалған.
Облыс әкіміне Мәскеу ауданындағы М. Мақатаев, М. Әуезов, Мясоедов, Шалғынды,М.Арынов, Темірқазық, Менделеев, Островский көшелеріне жүргізілген жөндеу жұмыстарының ақпараты стенд арқылы таныстырылды. Аталған жолдардың жөндеуі 100% аяқталған. Атқарылған жұмыстарды оң бағалаған жергілікті тұрғындар алғыстарын білдірді.
Оңдасын Оразалин Бөкенбай батыр көшесі мен Сельмаш көпірінің құрылысын бақылады. Көлемі 4,2 км болатын Бөкенбай батыр көшесінің жөндеуіне 590,6 млн тг қаржы қаралды. Тамыз айында басталған орташа жөндеу жұмыстары қазан айының соңында толық аяқталады.
«Жолдардың қиылысатын тұстарына қатысты жүргізушілерден көптеген шағымдар түсуде. Автокөлік жүргізушілеріне ыңғайлы болатындай сапалы жасалсын», - деген облыс әкімі жөндеуі жүргізіліп жатқан жолдардың уақытылы аяқталуын қадағалауды қала басшысы Асхат Шахаровқа тапсырды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі