Оңдасын Оразалин: Халықтың әл-ауқатын жақсарту бірінші кезектегі міндет

Дүйсенбі, 21 қазан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Жарөткел ауылында газ тарату станциясының салтанатты түрде ашылуына қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышты сәттерімен бөлісті.
- Еліміздің дамып, өркендеп келе жатқаны өрелі істердің атқарылуымен айқындалады. Өйткені, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, қалыпты өмір сүруіне мемлекетімізде көп көңіл аударылып келеді. Соның бір мысалы, Әйтеке би ауданында соңғы жылдары елді мекендерді газдандыру жұмысының қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да басты бағыт әлеуметтің әлеуетін арттыру жайына аударылған. Газ құрылысының жұмысын жүргізген құрылысшыларға алғыс айта отырып, ауыл тұрғындарын жағымды жаңалықпен құттықтаймын,-деп атап өтті аймақ басшысы.
Айта кетейік, Әйтеке би ауданының 33,5 пайыз тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Қазіргі уақытта ауданның Жамбыл, Талдысай ауылдарына ауылішілік газ құбыры желілерінің құрылысы басталған. Құмқұдық, Аралтоғай ауылдарына газ құбырының желілерін жүргізу үшін жобалар әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін Әйтеке би ауданындағы 28 елді мекеннің 5 елді мекені газ отынымен қамтылады.
Өңір басшысы бұдан соң Аралтоғай ауылында ауылішілік су құбыры құрылысы жұмыстарымен танысты. Жөндеуі биыл басталған құрылысқа 100 млн теңге бөлінген. «ҚазПромСтрой» мердігер мекемесі ұзындығы 10,6 шақырымды құрайтын құбырдың жөндеуін тоғыз айда аяқтауға уәде беріп отыр.
Содан кейін өңір басшысы осы ауылдағы Сейдалы Оразалыұлы атындағы 480 орындық мектептің жағдаймен танысып көрді. 1980 жылы салынған білім ошағы күрделі жөндеу жүргізуді қажет етеді. 2013 жылы мектептің терезелері алмастырылып, жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, едендері шіріп, шатырынан су ағады. Қазіргі таңда мұнда 221 оқушы білім алуда. Мектептің жағдайымен танысқан аймақ басшысы аудан әкіміне мектепті толықтай күрделі жөндеуден өткізу туралы тапсырма берді.
Оңдасын Оразалин сонымен қатар, ауылдық мәдениет үйінде аралтоғайлық тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында Әйтеке би ауданының әкімі Мәди Елеусізов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндап, алдағы уақытта атқарылатын жоспарларымен бөлісті.
Облыс әкімі жергілікті халықтың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, интернетпен қамту, мал жайылымы, көгілдір отын, ауыз суға қатысты қойған сауалдарына толықтай жауап берді.
- Әйтеке би ауданы – облыс экономикасының дамуына ең үлкен үлесін қосып отырған және аграрлық аудандардың бірі. Қазіргі таңда аудандарға, соның ішінде ауылдық елді мекендерге көп көңіл бөлінуде. Инфрақұрылымдық, әлеуметтік мәселелер ең басты назарда. Әйтеке би ауданында айтарлықтай проблемалар жоқтың қасы. Дегенмен, шешілуді қажет ететін кейбір мәселелер де бар. Басты мақсат – ел болып, жұрт болып еңбек ету, келешекке сеніммен қадам басу үшін бірге жұмыс істеу,-деп атап өтті өңір басшысы ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде.
Облыс әкімі бұдан соң «Нұр Отан» партиясы аудандық қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындармен жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға келген азаматтар кәсіпкерлікпен айналысу,  Ұлғайсын елдімекеніне медпункт салу, Аралтоғай ауылдық округінен әкімшілік ғимаратын салу сынды бірқатар мәселелерді көтерді.
Өңір басшысының жұмыс сапары Ақкөл ауылында жалғасты. 716 тұрғыны бар елдімекенде газ құбыры іске қосылды. Ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын газ құбырының ауыл ішіне тарату жұмыстарымен «Муканов и К» ЖШС мердігер компаниясы айналысады.
  Салтанатты шарадан соң облыс әкімі тұрғындардың бірінің үйіне бас сұғып табиғи отынның тұтынушыларға жеткендігіне көз жеткізді.
Облыс әкімі іс-сапары соңында Әйтеке би ауданының әкімі Мәди Елеусізовке жоғарыда көтерілген мектептің күрделі жұмысы, халықты сапалы интернет желісімен қамтамасыз ету, мал жайылымы, кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтіп, бірқатар тапсырмалар берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі