Оңдасын Оразалин: Халықтың тұрмысын жақсартудағы Президент тапсырмалары басты назарда

Облыс басшысы жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданына барды. Оңдасын Оразалин  алдымен Құмқұдық ауылдық округінде орналасқан «Құмқұдық» ЖШС егін алқабының жұмысымен танысып, диханшылармен кездесті. «Құмқұдық ЖШС-нің  директоры  Александр Чемоданов жалпы  25183 га-ға егіс егілгендігін айтады. Оның ішінде дәнді дақылдар - 14612 га болса,  1200 га жерге құмай, 140 гектарға сүрлемдік жүгері егілген.

Алайда, биыл егіннің шығымы төмен әрі бітік емес. Оған жауын-шашынның аз жауып, ауа-райының құрғақты болуы себеп. Қазірде  16 га егістік алқапқа химиялық өңдеу жүргізілген. Егістікті ору науқанында  120 адам күндіз-түні  жұмыс жасауда.
Бұдан соң, аймақ басшысы Ақтасты, Толыбай ауылдарында болып, тұрғындырмен кездесті. Мәселен, ақтастық тұрғындарды ауыз су мәселесі толғандырса, Толыбай ауылының халқы  ұялы байланыс мәселесі мен ауыз су  проблемасын шешіп беруді сұрады. Аудан бойынша  28 елді мекеннің 13-і, яғни ауданның елді мекендерінің жалпы санынан 46% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, онда 18 959 адам тұрады  бұл аудан халқының жалпы санынан 75% құрайды. Ақтасты ауылындағы сумен жабдықтау объектілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары  әзірленген. Бүгінгі күні жобаға сараптама жүргізу үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Тұрғындардың  мәселесімен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта  аталған түйіткілдің шешім табатындығын жеткізді.
«Қандай мәселелер барын өздеріңізден есіту  үшін арнайы келгендіктен, ауыз су, ұялы байланыс қызметтерін тез арада  шешуді жауапты мамандарға жүктеймін, Президент тапсырмаларының орындалу барысы да жеке қадағалауымда»,-деді Оңдасын Оразалин.
Өңір басшысы тұрғындармен кездесуден соң,Толыбай ауылындағы  Әбілқайыр хан атындағы мұражайды аралап, жұмыстарын көрді. 2015 жылы бой көтерген музейде Әбілқайыр ханның  жеке мөрінің  көшірмесі, генеологиялық шежіресі, ханның портреті т.б жәдігерлер қойылған. Ауыл жастарына, мектеп оқушыларына  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен, «Ұлы даланың  жеті  қыры»  мақаласы  аясында  тарихи жәдіргерлердің мән-мағынасы  түсіндіріліп отырады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі