Оңдасын Оразалин: Тұрмысын жақсартуға ниетті азаматтарға мемлекет қолдау көрсетуге әзір

22 қазан, сейсенбі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Хромтау ауданында жұмыс сапарымен болды. Аймақ басшысы алдымен «Казхром» ТҰК» АҚ "Дөң тау-кен байыту комбинаты" филиалы Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл шахтасының жұмысымен танысты.
Комбинат директоры Виктор Тиль облыс әкіміне алдағы жоспарларын баяндады. Оңдасын Оразалин шахтада жұмысшылармен кездесіп, жағдайларын сұрады. Жалақы көлеміне деген көзқарастарын білді. Мұнда орташа жалақы 216 мыңнан асады.Өндірілетін кеннің көп бөлігі Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауытына жеткізіледі. Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы шахтасы – негізгі цехтардың бірі.Шахта құрылысы 1978 жылы «Алмаз‒Жемчужина», «Миллионное», «Первомайское» және «№ 21» кен орындарында басталды. Алғашында «Центральная» деп аталған. 2001 жылы бірінші кезектегі қуаты жылына 2 млн. тонна болатын кен іске қосылды. Қазақстан Республикасының мерейтойына байланысты шахта «Қазақстан тәуелсіздігінің он жылдығы» деп аталды.Шахтада екінші кезеңнің құрылысы жалғасуда. Концентрация көкжиегін мердігер ұйым айына жүз метрден көп жүріп өтуге мүмкіндік беретін технологиямен басқарады. Минус 480 горизонтта (тереңдігі – жер бетінен 900 метр)«Клеттік» және «Желдету» оқпан түйісімдері іске асырылды. Осындай күрделі тау-геологиялық жағдайында және шамамен төрт шақырымға созылған қашықтықта алғаш рет комбинатта көлденең өндіріс аяқталды.
Бұдан соң Оңдасын Оразалин «Самара-Шымкент» тас жолы бойында орналасқан "Аманат" кемпингінің жұмысын көрді.
Жолаушыларға қызмет көрсететін орынның халықаралық талаптарға қаншалықты сай екендігін тексерді.Маңында дәріхана, дүкен, наубайхана, монша, 30 орындық қонақ үй, кір жуатын бөлме және жанармай бекеті қызмет көрсетеді. Күніне 1000 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Кемпинг қожайыны Серік Оразымбетов осы кәсібі арқылы жергілікті 50 азаматты жұмыспен қамтып отыр. 54 жастағы азамат осыдан 20 жыл бұрын көлік апатына ұшырап, жүруден қалған. Дегенмен, сәтсіздікке мойымаған Серік Оразымбетов талмай еңбектенудің арқасында көпшілікке үлгі боларлық кәсіпкерге айналған.
Облыс әкімі сонымен қатар, Дөң ауылындағы көпбалалы Қосаевтардың отбасында болды. 5 балалы жанұя аз қамтылған отбасыларға арналған жеке тұрғын үйге қол жеткізді.
Өңір басшысы 3 бөлмелі баспана кілтін табыстап, плазмалық теледидар сыйға тартты. Аталған үйді сатып алуға республикалық бюджеттен 5 млн тг бөлінген.
" Президент өз жолдауында кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керектігін, олардың саны қазіргі күні 30 мыңға жуық екенін, баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беруді, мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінетіндігін айтқан болатын. Осы бағытта жергілікті атқарушы органдар тапсырмаға сай жұмыстар атқарып келеді",-деді Оңдасын Оразалин.
Аймақ басшысы жұмыс сапары соңында осы ауылдағы қой бағумен айналысатын "Данияр" шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
Қожалық басшысы Күләш Оразымбетова алғаш кәсібін 2018 жылы бастаған. "Сыбаға" бағдарламасы арқылы 30 млн 740 мың теңгеге 1000 бас қой сатып алды. Еңбек пен ізденістердің арқасында кәсібін кеңейтуге кіріскен.
Биыл қарапайым заттар экономикасы бойынша 27 млн теңгеге 700 бас қой алған. Малшылардың жалақысы баққан қой санына қарай 150 мыңнан-300 мыңды құрайды. Шопандар тұратын арнайы үй салынған. Дөң ауылдық округінде өткен жылы 216 аула мал ұстаса, биыл бұл көрсеткіш 7% өсіп, 233 аула мал ұстайды. Жалпы 13 шаруа қожалығы тіркелген.
"Елімізде жұмыс жасауға ниетті әрбір азаматқа барлық жағдай жасалып отыр. Тұрмысын түзеймін деген түрғындарға қолдау көрсетуге әзірміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес деген сөзінде терең мән бар, осы бағытта жұмыстарды күшейту керек",- деді облыс әкімі.
Хромтаудың әлеуметтік экономикалық жағдайы кейбір елдімекендерден едәуір дұрыс екенін айтқан аймақ басшысы аудан әкімі Нағымжан Алдияровқа ауылдардың сыртқы келбетін
реттеуді, көгалдандыру жұмысын қолға алуды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі