Оңдасын Оразалин: Кез-келген мәселені жүйелі түрде шешу керек

19 қыркүйек, бейсенбі  күні облыс басшысы  ақтөбеліктерді алаңдатқан мәселелер бойынша   қаласын   жауапты мамандармен кездесті. Қала әкімімен бірге тұрғындар тарапынан көтерілген проблемалардың шешу жолдарын қарады. 

Облыс әкімі арнайы құрылған кестеден тыс  БАҚ өкілдерінің сұрауымен  қоқыс толы аулалардың біріне барды. Сәтбаев көшесі бойында  орналасқан №5  көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында 4 күннен бері қоқыс жиналмаған. Қала әкімі Мавр Абдуллин облыс басшысына бұл мәселенің мән-жайын түсіндірді. Қала тазалығымен айналысатын мердігер  компаниялардың бірі «Таза Life» мекемесі  аяқ асты жұмыс жасаудан  бас тартқан. Нәтижесінде, компанияға бекітілген аулалардан қоқыс шығару жұмыстары тоқтаған. Дегенмен, қалалық әкімдік  «Neoplus» ЖШС , «№ 27 басқарушы компания» мекемлерімен келісімге келген. Аталған мердігерлер  бас тартқан компанияға тиесілі болған  территорияларды қазір күні-түні  тазалаумен айналысуда.
«Бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажет, және  керекті техникалармен жабдықталу жағы бақылауға алынсын.Болашақта мұндай мәселе қайталанбауы тиіс»,-деді Оңдасын Оразалин.
Облыс басшысы  бұдан соң, аялдамалардың  жай-күйін бақылап, №46 бағыттағы қоғамдық көліктердің біріне мінді. Жолаушылармен тілдесіп олардың сауалдарына  жауап берді. Қазірде  қаладағы  аялдамаларды болашақта біркелкі ету жұмыстары талқылануда. Себебі, табиғаттың қандай мезгілінде болмасын тұрғындарға ыңғайлы болуы шарт.

Аймақ басшысы  сондай-ақ, жолақысын терминалдар арқылы төлеу жүйесімен танысты. Қазір Ақтөбеде  6 бағыттағы  53 автобус валидатор жүйесімен жұмыс жасауда. Жылдың соңына дейін барлық автобус осы жүйеге көшеді деген  жоспар бар. Ақтөбе қаласы бойынша  370 автобус тасымалдау жұмыстарымен айналысып отыр. Қала халқының саны күн санап көбеюіне байланысты  автопаркке жаңа автобустар әкелінбек.  
Оңдасын Оразалин  ақтөбеліктерді тағы бір алаңдатып отырған сельмаш көпірінің мәселесімен танысып, мамандармен кездесті. 4 жолақты көпірдің әзірге  бір жақ беті аяқталғандықтан, кептелісті болдырмау мақсатында көліктердің  жүруіне  уақытша   рұқсат берілген.  Көпір құрылысы  толықтай 2020 жылдың шілде айында аяқталады.
Облыс басшысы мердігер компанияға құрылыс жұмыстарын  уақытылы әрі сапалы аяқатуды тапсырды. Оңдасын Оразалин Батыс-2 мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан көппәтерлі үйлердің  құрылысымен танысты. «Нектар» тұрғын үй кешенінің басшысы Шамиль Каспранов облыс басшысына  жоспарларымен бөлісті. Оңдасын Оразалин  құрылыс компанияларын ескі технологиядан арылып,   заманауи  технологияларды  қолдана отырып, құрылыс жұмыстарын қарқынды әрі сапалы жүргізуге шақырды.
Көтерілген мәселелер бойынша  жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі