Оңдасын Оразалин: "Инвестиция тарту жұмыстары қағазбен емес, іспен жүргізілуі тиіс"

Үкімет басшысы Асқар Маминнің Ақтөбе өңіріне жасаған іс-сапары барысында, аймаққа инвестиция көздерін көптеп тарту қажеттігі жайлы тапсырмасына орай, бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі кәсіпорын басшылары, инвестициялық жоба бастамашыларымен кездесті. Ауқымды басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары,басқарма, департамент басшылары мен видеобайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов инвестициялық жобалар жайлы баяндады. Осы жылдың сегіз айында өңір инвестициясының өсімі 107,3% құрап, яғни 316,3 млрд.теңгеге инвестиция тартылған. Оның 170 млрд теңгесі жаңа іске қосылған жобалар. Көрсеткіш Республика бойынша 42% құрайды.Облыста биыл 95 млрд.теңгеге жаңадан тоғыз инвестициялық жоба іске қосылып, 610 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Оңдасын Оразалин осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 600 млрд теңгеге, келесі жылы 800 млрдқа, 2024 жылға қарай 1трлн 600 млрд-қа жеткізу бойынша жоспар қойған.
«Өңірге отандық және шет аймақтан қандай инвесторлар келмек, қанша жұмыс көзі ашылу көзделіп отыр, экономикалық потенциалды арттыру облыс бюджетін жаңа салық көздерімен толықтыру мақсаты мен міндеті тұр. Бұл жоспарлар қағазға жай сурет етіп көрсетуге емес, шын мәнінде нақты жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар»,-деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, Оңдасын Оразалин өңірдегі түрлі бағытта жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарға атқарушы орган тарапынан қолдау, қажетті көмек көрсету мақсатында кәсіпорын иелерінің ой-пікірлерін тыңдап, қандай да бір кедергілердің бар-жоғын анықтады.
Кәсіпорындардың кейбірі жер көлемін кеңейту, су, жарық мәселелеріне қатысты проблемаларға тап болып отырғандығын айтты. Тіпті сот орындаушылардың жұмысына көңілдері толмағаннан арызданып жүргендері де бар.
Облыс әкімі көтерілген жайттарға қатысты орынбасары Қайрат Бекеновке мән-жайды анықтап, мәселенің шешілуіне заң аясында ықпал жасауды тапсырды.
« Жергілікті билік шетелдік және отандық инвесторларға қолдау көрсететін болады, дегенмен кәсіпорын тарапынан да қоғамдық наразылық тудырмау, яғни жұмысшылардың жалақысын көтеру, экологиялық талаптарды сақтап, тізе қоса жұмыс жасау керек»,-деді Оңдасын Оразалин
Айтып өтейік, облыста жыл соңына дейін құны 72 млрд теңгені құрайтын «Arm Wind» , «Зерде-Керамика Актобе» , «Aktobe Smart Tech», «Gigant KZ» т.б 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі