Оңдасын Оразалин: Бізге өңір тарихының жаңа қырларын көрсету қажет

Сәрсенбі, 9 қазан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин белгілі тарихшы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік саясат және экономика институтының бас сарапшысы Радик Темірғалиевті қабылдады.
Өз кезегінде аймақ басшысы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымыздың мәдени-рухани бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстары бойынша кеңінен айтып өтті. 
- Ақтөбе өңірі өзінің сан ғасырлық бай тарихымен және ұлттық жәдігерлерімен көпшілікке танымал. Аймағымыздағы тарихи ескерткіштер көптеген оқиғалардың куәсі екені даусыз. Бүгінгі күні тарих қойнауында сыр бүгіп жатқан қаншама ашылмаған құндылықтар бар. Өз заманында өңірімізде қоныс тепкен түрлі өркениеттер мәдениеті біздің мақтанышымыз, тарихи ұлттық құндылығымыз. Тарихи зерттеулер нақты ғылымға негізделуі тиіс. Алдағы уақытта Өзіңіз секілді белгілі тарихшылармен бірлесіп, көптеген жобаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ақтөбе өңірі тарихының жаңа қырларын елге көрсету - бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсететін боламыз, - деді аймақ басшысы. 
Кездесу барысында көптеген публицистикалық танымал ғылыми кітаптардың және Қазақстан тарихы бойынша жүздеген мақалалардың авторы Р.Темірғалиев Ақтөбе өңірінің бай тарихымен танысып, өзіне көп мағлұматтар алған әсерімен бөлісті. Облыс әкіміне өзінің 4 томдық тарихи кітаптарын тарту етті.   Сонымен қатар, болашақта өңір тарихын зерттеуге  бет қойып, бай тарихы мен мәдениетін насихаттауға өз үлесін қосатындығын атап өтті. 
Өз кезегінде облыс әкімі О.Оразалин танымал тарихшыға алғыс білдіріп, өңірдің тарихымен жете танысу мүмкіндігіне қажет болатын  Ақтөбе энциклопедиясын сыйға тартты.
Кездесу соңында аймақ басшысы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Н.Қадырбаевқа тарихшы Р.Темірғалиевпен бірлесіп жұмыс атқаруды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі