Оңдасын Оразалин Ақтөбедегі құрылыс нысандарын аралады

Өңір басшысы алдымен Кен көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеудің жұмыстарын көрді. Ағайынды Жұбановтар көшесінен Сәңкібай батыр даңғылына дейінгі ұзындығы 710 метрді құрайтын жол құрылысы тамыз айында аяқталады.

Бұдан соң облыс әкімі «Астана» саябағында орналасқан «Aktobe trihatlon park-нің» құрылыс жұмыстарымен танысты. Құны жобамен 450 млн тг құрайтын ашық аспан астындағы демалыс және спорт алаңының құрылысы мамыр айында басталды. 2020 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Аймақ басшысы мердігер мекеменің басшысына жұмысты сапалы әрі заман талабына сай атқаруды тапсырды. Оңдасын Оразалин 11м/а №19 үйдің ауласын абаттандыру, және сол ауладағы мектепке дейінгі мекеме №7 «Арман» гимназиясында басталатын күрделі жөндеу жұмысының жоспарларын қарады. Абаттандыру жұмысы 15 мамырда басталып, маусым айында аяқталады. Көлемі 18м х 30м болатын футбол алаңшасы, көлік тұрағы салынады. Облыс басшысы осындай аулаларға орналастырылған қала келбетін бұзатын әрі заңсыз орналасқан дүңгіршектерден арылу қажеттігін айтты. 280 орынға арналған мектепке дейінгі мекемеге де күрделі жөндеу жұмысы басталуға әзір. Салынғанына 34 жыл болған ғимаратқа соңғы рет 2013 жылы жөндеу жүргізілген. Жалпы Ақтөбе қаласы бойынша білім беру ұйымдарына биыл 21 нысанға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында республикалық бюджеттен 2 160 715,8 мың тг бөлінген. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады, оған 300ге жуық жергілікті азамат жұмысқа тартылады.Аймақ басшысы «Нұр Ақтөбе» мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан 900 орындық орта мектеп пен 3 және 9 қабатты үйлердің құрылысымен танысты. Мектепті салуға 1млрд 641млн-нан астам қаржы қаралған. 2019 жылы басталған жұмыс келесі жылы аяқталады. Облыс әкімі мердігер компанияларға 3 қабатты 36 пәтерлі тұрғын үйді шілде айында аяқтап, баспана кезегіндегі азаматтарға тез арада пайдалануға беру керектігін айтты. Аймақ басшысы қала әкімі Асхат Шахаровқа жүргізіліп жатқан барлық құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында берілуін қадағалауды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі