Оңдасын Оразалин: Аудан әкімдерінің қызметі жаңа жұмыс орындарын құрумен бағаланады

19 мамыр күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппараттық отырыс өтті.  Онда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасының іске асырылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтудың үлесін арттыруда  атқарылған  жұмыстар , көктемгі далалық жұмыстардың барысы туралы  мәселелер  талқыланды.  Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.
«Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев  жастарды жұмысқа орналастыру керектігін,  ол үшін 250 мыңнан астам жұмыс орындарының  ашылатындығын айтып өткен болатын. Ақтөбе облысында да  жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша, әрі жаңа жобаларды жүзеге асыруды қарқынды  іске асыруға кірістік»-деді  аймақ басшысы. 
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың  айтуынша облыста жұмыспен қамтудың жол картасында 46,3 млрд теңгенің 302 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Шамамен 12 мың жұмыс орындары оның ішінде  уақытша - 11 567, тұрақты – 375.  Қазіргі таңда 302 жобаның 294-не  конкурс жарияланып, 262 жобаның мердігері анықталған. 202-сі жұмысты бастаған, әрі онда 680 жұмыс орындары ашылды. 
Мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтудың үлесін арттыру мәселесіне тоқталған облыс әкімінің  орынбасары  Қайрат Бекенов  аталған жұмыс  алты  бағыт бойынша жүзеге асырылып отырғандығын мәлімдеді.  2020 жылғы 15 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік органдармен мемлекеттік сатып алу  жеңіл өнеркәсіп өнімі, тамақ өнеркәсіптері , құрылыс салаларына  қаржы тиісті деңгейде қаралған.  Облыс әкімінің  орынбасары  Аманғали Бердалин көктемгі дала жұмыстарының қарқынды жүріп жатқандығын атап өтті.   Облыс бойынша 335,9 мың га ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Биылғы жылы егіс құрылымында әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, майлы дақылдардың көлемі өткен жылы 30 мың га болса, биыл 37 мың га асады деп  күтіледі. Оның ішінде мақсарының (сафлор) көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8,3 мың га ұлғайып 18,9 мың га егілді.
Аймақ басшысы  қайсы салаға  болмасын   мемлекет тарапынан  қажетті  қолдаулар барынша көрсетіліп отырғандығын айтты.    Орынбасарларына  және  аудан әкімдеріне  мемлекеттік бағдарламалардың халыққа   тиімділігін насихаттап, дұрыс ақпараттандыруды  тапсырды. 
«Әрбір аудан, тіпті ауылдық округтерде  кәсіп ашуды, жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырамын. Бұдан былай аудан әкімдерінің  жұмысы аталған мәселені қаншалықты ұйымдастыра алатындығымен  бағаланады,  ауылшаруашылық саласын дамыта алмаған  әкімдерге жауапкершілік қарастырылады . Себебі ауыл, ауданда ауылшаруашылық саласынан өзге  кәсіп жоқ »-деді Оңдасын Оразалин.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі