Оңдасын Оразалин «Қазхром» ТҰК» № 4 балқыту цехындағы пешті қыздыру рәсімін бастап берді

29 сәуір, сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болып, балқыту цехындағы  пешті қыздыру рәсімін бастап берді
Айтып өтейік, елдегі  ТЖ  кезінде «Қазхром» мамандары қысқа мерзімде № 4 балқыту цехының №43 пешіне жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп шықты. Бұл феррохром өндіруде көңіл қуантарлық көрсеткіштерге жетуге сеп болмақ.
Компания басшылығы облыс әкіміне бастапқыда  маңызды жоба Ресей мен ОАР мердігер компанияларына сеніп тапсырылымақ болғанын, алайда COVID-19 пандемиясына байланысты мердігер компания жұмысты бастай алмайтындығын жеткізді.
«Бұрын-соңды Ақтөбе ферроқорытпа зауытында мұндай  ауқымды жұмыстарды өз күшімізбен орындап көрмеген едік. Бірақ төтенше жағдай шарттарына сәйкес, бізге өзгеше сын болды. Бастапқыда, біз белгілеген мерзімге ешкім сенбеді. Жұмысты орындау үшін біз бұрын осындай тәжірибе жинақтаған Ақсу қаласындағы филиалымыздан жөндеу қызметі мамандарын алдырттық. Өңір басшысының қолдауының  арқасында олар Ақтөбеге өтетін блок-бекеттерден еш кедергісіз өтті. Бұл бізге маңызды жобаны уақытында жүзеге асыруға мүмкіндік берді»,- деді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов. 
Нәтижесінде, жөндеу жұмыстарын әлемдік компанияның талап еткен мерзімінен бұрын, яғни 65 тәулікке жоспарланған жұмыстарды 54 тәулікте аяқтап шықты.  Жоба құны 7 млрд. теңгеден асады. Бүгінгі таңда зауытта жұмыстың келесі кезеңі – американдық «Hotwork» компаниясы жүзеге асыратын пешті қыздыру жұмысы басталды.
Күрделі жөндеуге дейін № 43 пеш 40-50 МВт қуатпен жұмыс істеді. Тиянақты іске асырылған ауқымды жұмыс нәтижесінде пеш қуатын 2020 жылдың екінші жартыжылдығында 65-70 МВт-қа дейін жеткізуге мүмкіндік бар.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі