О.Оразалин: жол сапасын жақсарту үшін мүмкіндігінше бәрін жасаймыз

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен жолдарды салу және жөндеу жұмыстарына қатысты жиын өтті. Оның жұмысына жақында құрылған Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының  өңірге қызмет бабымен келген бас директоры Замир Сағынов, сонымен қатар, жергілікті жол-құрылыс ұйымдарының басшылары қатысты.

«Өңірде жол құрылысы белсенді жүріп жатыр, әсіресе республикалық маңызы бар көлік жолдарында. Дегенмен, жұмыстың сапасына қатысты көп сұрақтар бар. Жаңадан құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорын - Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы осы сұрақтарды шешуге көмектеседі деп сенемін,- деді жиынды ашқан облыс әкімі.

Замир Сағыновтың сөзінше, Ұлттық орталық Ақтөбе облысына облыстық жол зертханасының жанынан ұйымдастырылған бөлімшесі болып таныстырылады. Қазіргі таңда зертхана базасын күшейту, жылжымалы зертхана сатып алу және мекеме штатын толымдау жұмыстары жүріп жатыр.

Мекеме басшысы Замир Сағынов: «Ұлттық орталыққа жол жөндеу жұмыстарының, қолданыстағы материалдар мен сметалық құжаттардың сапасын сараптау, сонымен қатар, жол активтерін басқару және жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бағалау қызметтері жүктелген. Айта кету керек, Орталық тек республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыстар мен материалдардың сапасын ғана сараптап қоймайды, сонымен қатар, елді мекендердің жергілікті жолдары мен көшелерін қамтитын болады»,- деп жеткізді.

«Жол сапасының өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы үшін маңызы зор. Бұл тақырып облыс тұрғындарын толғандырады. Жергілікті билік сіздердің өңірдегі жұмыстарыңызды қолдайды және жол сапасын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды»,- деді жиынды аяқтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин.