Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ҚХР-ның ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен кездесті

11 қараша, дүйсенбі  күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ҚХР ҚР-ғы Төтенше және өкілетті елшісі  Чжан Сяомен кездесу барысында  екі жақты әлеуметтік-экономикалық, білім, мәдени қарым-қатынастар жайы сөз болды.
Аймақ басшысы Ақтөбе өңіріне алғаш рет келіп отырған Чжан Сяоға облыстың қарқынды дамушы аймақ екендігін жеткізді.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары кезінде Қазақстан Президенті Пекинде Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің алтыншы отырысының ашылуында сөйлеген сөзінде «Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және экономикалық әріптестерінің бірі болғанын мәлімдеді.
Биылғы жылдың 8 айында Қытай мен Ақтөбе облысы арасындағы тауар айналымы 664,6 млн. АҚШ долларын құрап, бұл өткен жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 34% - ға өсті»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісім аясында Ақтөбе облысында 695 млн. АҚШ. долларын құрайтын  4 жоба іске асырылуда.
Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин  жоғары технологиялық жобалар ашуға ниетті инвесторларға толық жағдай жасалатындығын, дегенмен де, инвесторлар тарапынан қызметкерлердің жалақысын арттыру, қызметкерлерді оқыту, қауіпсіздік техника мен экологиялық талаптар сақталуы тиіс екендігін айтты.
«Ақтөбе облысының мақтанышы Димаш Құдайберген алғаш рет Қытайда әлемге танымал болды. Қытайдың жанкүйерлері әлем бойынша Димашпен бірге жүреді. Осының бәрі туристер арасында Ақтөбе облысының танымалдығын еселеп көтереді»,-деді өңір басшысы.
Өз кезегінде  ҚХР ҚР-ғы Төтенше және өкілетті елшісі  Елбасы Н.Назарбаевтың  27 жыл бойы екі мемлекеттің  достық қарым-қатынасын нығайтуға қосқан  зор  үлесі мен  үлгілі сара жолын  ары қарай да жалғастыру қажет екенін жеткізді. Елші сондай-ақ, инвесторларға қатысты айтылған пікірмен келісетіндігін және осы бағытта  жұмыстар жасалатындығын айтты.
Жиын соңында  облыс басшысы бұл кездесу екі жақты мәдени, білім, әлеуметтік экономикалық саланың дамуына септігін тигізеріне сенім білдірді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі