Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ардагерлерді құттықтады

 8 мамыр, сәрсенбі  күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ҰОС ардагерлерін құттықтады. 

Облыс басшысы алдымен соғыс ардагері  Курочкин Иван Александровичтің шаңырағында болды. Иван Курочкин 1927 жылы 11 наурызда Орынбор облысында дүниеге келген. 1944 жылдың қараша айында Кеңес Армиясы қатарында болды. Тынық мұхит флотында гидроакустикамен бірге 1-ші суасты бригадасының құрамында қызмет етті. « II дәрежелі Отан соғысы» орденімен  «Жапониядағы жеңіс үшін» медалімен марапатталған. Қазақстанда 1961 жылдан бері тұрады. Ақтөбе облысында 1982 жылға дейін ҰҚК жұмыс істеді. 1982 жылы ол зейнеткерлік  демалысқа шықты. 4 ұл, 7 немере, 9 шөбере тәрбиелеуде.

Сонымен қатар, облыс әкімі Оңдасын Оразалин  Нұсқабай Абдулла Бұзаубайұлының отбасына  барып, ҰОС ардагерін мерекесімен құттықтады. Абдулла Нұсқабай 1925 жылы 7 мамырда Шалқар қаласында дүниеге келген. Кеңес әскерінің қатарына 1943 жылдың қаңтар айында шақырылған. Соғыс жылдарында ол Курск шыңында шайқасты, Ленинград блокадасын көтеру үшін шайқасқа қатысқан. «Қызыл Жұлдыз», «І-ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен   «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 1946 жылдан 1990 жылдар аралығында   Шалқар ауданында қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.  10 ұл-қыздан  25 немере, 15 шөбере сүйген.

Аймақ басшысы ҰОС ардагері  Жалмағамбет Өтеш Төлегенұлын да мерекесімен құттықтады. Өтеш Төлегенұлы 1924 жылы 24 сәуірде Мұғалжар ауданы  Ембі ауылында дүниеге келген. Курск шайқасына, Корсун-Шевченко мен Украинаның босатылуына қатысқан. «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Батылдық үшін», «1941-1945 жж. ҰОС Германияны жеңу үшін», «Днепрді кесіп өту үшін» медальдарымен марапатталған. 2015 жылы «Құрмет» ордені берілді. 6 ұл-қыздан, 20 немере, 40 шөбере көрген.

«Келер ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін жан аямай соғыстыңыздар, жас ұрпақ ұлы батырлықтарыңызды мәңгі есте сақтайды. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін»,-деді облыс әкімі.

Аталған  ҰОС ардагерлеріне «Жеңіс күні» мерекесі қарсаңында 120 мың теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы, сондай-ақ  180 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі