Облыс әкімі аппарат басшысы жиын өткізді

Сейсенбі, 27 тамыз күні облыс әкімі аппарат басшысы Нұржауған Қалауовтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті.
Жиынға облыс әкімі аппараты бөлімдерінің басшылары және қала, аудан әкімдері аппаратының басшылары бейне селекторлық байланыспен қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде азаматтардың өтініштерін қарау және электрондық құжат айналысы, кадр мәселелері және Е-қызмет туралы сұрақтар қаралды.
Жиын барысында құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы А.Қадірбекова және ақпараттық қауіпсіздік бойынша бас инспектор Ш.Нұржігіт баяндама жасап, аудан әкімдері аппараттарының ағымдағы жыл бойында электрондық құжат айналымы жүйесінің жұмыстары, мемлекеттік жүйелердің жұмыс істеуі және тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдау бойынша жіберген кемшіліктерін атап өтті.
Мысал келтірсек, Мұғалжар, Қобда, Алға, Темір аудандарында электрондық құжат айналысы әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмаған. Сонымен бірге, Ақтөбе қаласы әкімдігіне қарасты білім бөлімі 23, тұрғын үй қатынастары бөлімі 8 өтінішке уақытылы жауап бермеген.
Облыс әкімі аппараты персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің басшысы М.Ермағанбетов өз баяндамасында бүгінгі күнге дейін көптеген аудандарда кейбір вакансиялардың жылдап тұрғанын айтты.

Қазіргі таңда бос орындардың саны облыс бойынша 146 бірлікті құрап отыр. Ақтөбе қаласы әкімдігі және Алға, Темір, Ойыл, Хромтау аудандарының әкімдіктерінде жетекші және басшылық лауазымдағы орындар әлі күнге дейін бос тұр.
Жиын соңында аппарат басшысы Н.Қалауов қала және аудан әкімдері аппаратының басшыларына бірқатар тапсырмаларды беріп, тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар мен өтініштердің маңыздылығын атап өтті.

Арыз-шағымдарға уақытылы әрі дұрыс жауап бермеу халықтың билікке деген сенімін кетіретінін және аталған мәселелер бойынша тыңғылықты жұмыс жасап, алдағы уақытта қайталанбауын қатаң ескертті.
Сонымен қатар, бірқатар аудан әкімдіктеріндегі өз жұмыстарына салғырт қараған мемлекеттік қызметшілерге ескерту, қатаң ескерту беру туралы аудан әкімдеріне ұсыныс дайындауды тапсырды.