Облыс әкімі аймақ спортшыларын кәсіби мерекесімен құттықтады

Сенбі, 17 тамыз күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Спортшылар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, спорт ардагерлері мен түрлі жарыстардың жеңімпаздарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік шараға облысымыздың спорт саласының ардагерлері, аудандық спорт бөлімдерінің басшылары, жаттықтырушылар мен танымал жас спортшылар, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. 
Шара барысында аймақ басшысы Ақтөбеде алғаш рет су спорты каноэ және байдаркада есуден өтіп жатқан жарысты тамашалады. Аталмыш  жарысқа Батыс Қазақстан және Атырау облысынан спортшылар келіп қатысуда. Сонымен қатар, аймақ басшысы «Мерген» және «Стрела» садақ ату клубтарының жұмысымен танысты.     
- Халқымызда тәні саудың – жаны сау деген сөз бар. Салауатты өмір салтын қалыптастыру адам баласы үшін өте қажет. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, мемлекет тарапынан спорт саласына жан-жақты көңіл бөлініп, көптеген спорттық нысандар, дене шынықтыру орталықтары салынып жатыр. Аудандарымызда да салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытына үлкен қолдау көрсетіліп, еліміздің атағын дүние жүзіне танытып жүрген спортшы жастарымыз көбейіп келеді. Алдағы уақытта да біздің тарапымыздан спорт саласына ұдайы көңіл бөлінетін болады, - деді облыс басшысы құттықтау сөзінде.   
Шара соңында облыс әкімі бірқатар спортшыларға дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстап, естелік суретке түсті.   

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі