Облыс әкімінің орынбасары мектептерді аралады

Төтенше жағдайға орай білім беру жұмыстарын қалыпты деңгейде жалғастыру бойынша бірқатар шаралар іске асырылды.
6 сәуірде облыстағы 402 мектептің 151058 білім алушысы IV тоқсанды қашықтан оқытумен бастады. 25 мамырда оқу жылы әдеттегідей аяқталатын болады.
Қашықтан оқытуға мектептердің балансында тұрған 8598 компьютер, республикалық және облыстық бюджеттен 1700 компьютер, 2400 ноутбук бюджеттен алынып, оқушыларға уақытша пайдалануға берілді.
Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасымен, балалардың білім алуға жасалған жағдайларымен танысу үшін «Ақбөбек» білім беру орталығына және Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатына барып, білім беру ордаларының жұмысын қарадық.
250 орындық «Ақбөбек» жеке мектебі және 370 орындық бала-бақшасы 2012 жылдан жұмыс жасайды. Орталықта оқытумен қатар балаларға қосымша курстар ұйымдастырылған, шығармашылық, спортпен шұғылдануға толық мүмкіндіктері бар, әрбір класста 10-12 бала білім алады.
Физика-математика мектебінде қазіргі таңда 232 оқушы білім алуда. Мектепке 6-шы сыныптан бастап конкурстық негізде оқушылар қабылданады.
Мекеме басшыларына мектепке дейінгі ұжымдар жұмысын қайта бастаған жағдайда барлық санитарлық-дезинфекциялық тәртіптерді қатаң сақтау тапсырылды.