Облыс әкімдігінде цифрландыру мәселелеріне арналған жиын өтті

Дүйсенбі, 4 қараша күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен цифрландыру мәселелеріне арналған отырыс өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың, басқармалар, департаменттердің басшылары және барлық аудан әкімдері бейнеселекторлық байланыспен қатысты.
Отырыста тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, білім, денсаулық сақтау салаларындағы цифрландыру және Smart City бағдарламасын енгізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәселелер көтерілді.
Жиын барысында аймақ басшысы өңіріміздегі цифрландыру жұмыстарының жай жүріп жатқандығын және елді мекендерде кең жолақты интернет желісі жағдайының әлі де төмен екендігін баса айтып өтті.
- Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы халыққа арнаған Жолдауында да 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдарын енгізу арқылы цифрлық экономиканы дамыту бойынша жұмыстарды атқару нақты атап көрсетілді. Дегенмен, цифрлық қызмет көрсетуді тұрғындардың толыққанды пайдалануы үшін қалада да, ауылда да, ең алдымен интернет керек. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы цифрландыруды дамыту үшін білім, денсаулық сақтау, көлік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және қауіпсіздік салаларды басымды болып анықталды. Өкінішке қарай, олардың іске асырылуы қазіргі таңда тиісті деңгейде жүріп жатқан жоқ, - деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінгі таңда облыс бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерімен Ақтөбе қаласы, Алға, Жем, Қандыағаш, Темір, Шалқар, Ембі және Хромтау қалалары және 42 ауылдық елді мекендер қамтылған. Көліктік инфрақұрылымының басқа түрлерімен 136 ауылдық елді мекендер қамтылған. Осылайша, 184 елді мекен немесе облыс халқының 49% интернетке қол жеткізе алады.
Жиын соңында өңір басшысы цифрландыру саласына жауапты орынбасарлары мен мемлекеттік мекемелердің басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі