Облыс әкімдігінде ашық қоғамық талқылау өтті

Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың төрағалығымен қала маңындағы өзендердің жағасын кеңейту жобасына қатысты ашық қоғамдық талқылау өтті.

Жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, ҚР «Қазсушар» ШЖҚ РМК бас директоры Болат Арыстанбаев, жоба жетекшілері мен жергілікті табиғат жанашырларынан құрылған «Актобе, дыши» қауымдастығының белсенділері, саяжай иелері, журналистер қатысты.   

Қоғамдық талқылау барысында қоғам белсенділері соңғы жылдары аймақтағы өзекті мәселеге айналған өзендердің мәселесін көтерді. Жергілікті экобелсенділер соңғы кездері Ақтөбеде су қоры азайғанын, өзендердің арнасын кеңейтуге болмайтындығын алға тартты. Арнасы кеңейіп, жағалауға жайылған су ысырап болып, буға айналып жатқанын, мұның салдарынан ауыз су тапшылығы туындауы мүмкіндігін тілге тиек етті.  

 

 

Сонымен қатар, қоғам белсенділері өзен арналарын тазарту кезінде бұлақтардың көзі бітеліп, жағалаудағы ағаштардың оталып жатқанын да айтып өтті. Олар өзен арналарын кеңейту кезінде экожүйеге залал келіп, соның салдарынан құрғақшылық болып жатыр деп санайды.  

Жиын соңында қала әкімі Асхат Шахаров тұрғындардан түскен барлық ұсыныстар мен пікірлерді мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің ескерілетінін, басталған жобаның тоқтамайтынын айтып өтті. Жоба жетекшісіне өзен жағалауына жүргізілетін  жұмыс барысында кездесетін барлық техникалық шараларды және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қатаң сақтауды тапсырды.