Облыс басшысы Ақтөбе облысындағы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті

 Жұма, 3 мамыр күні, облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе  облысындағы  үкіметтік  емес  ұйым өкілдерімен  кездесті. Жиында Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары Ассоциациясының төрайымы Айгүл  Дүйсенова  ҮЕҰ-дың қоғамдағы рөлі мен  Ассоциацияның қызметі жайлы  баяндама жасады. Қазір облыстық әділет департаментінде 600-ден астам  коммерциялық емес ұйым тіркелген. Оның  ішінде 120-сы  қызметтерін тоқтатса, тіркелген  ҮЕҰ-ның  100-і  белсенді  жұмыс жасап жатқандығын айтты. 
  «Ақтөбе облысында үкіметтік емес ұйымдар қазіргі таңда барлық деңгейдегі мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнатып, жұмыс жасап жатқандығын білемін. Облыста әртүрлі бағытта жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты топтары қалыптасқан. Дегенмен бізге бірлескен жұмысты одан әрі күшейтіп, қоғамның талабына сәйкес бейімделуіміз қажет»,-деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Сондай-ақ, аймақ басшысы  жиынға қатысушыларды өзекті мәселелерді талқылап, ашық пікір алмасуға шақырды. ҮЕҰ өкілдері мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайы, экология, рухани-әлеуметтік сынды  түрлі  салаға қатысты, ұсыныс пікірлерін білдірді.

Мәселен,  «Элит-агро» қоғамдық қорының төрайымы  Марина Циганкова жергілікті  өзін-өзі басқаруға арналған  жобалар әзірлегенін, және  ол жобаларды кәсіпкерлер қолдауға  дайын екенін айтты.  Облыс басшысы ол жобалармен жақын танысып, алдағы уақытта  талқылау  қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, «Парасат-ғылым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көшкінбай Ахметов қаладағы  қоғамдық көлік қызметтерінің сапасы, аялдама, көше атауларына  қатысты  пікірін білдірді. Сонымен қатар, ақсақал қоғам тыныштығына да алаңдайтынын жеткізді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин  қоғам тыныштығын сақтауда, жастарды жөнге салуда  ақсақалдар белсенді   атсалысып, ынтымақтастықтың сақталуына үлкен ықпал жасайтынына сенім білдірді.  Аймақ басшысы пікір  білдірген азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарына  нақты жауаптар берді.  Ал, кейбір мәселелердің оңды нәтижесін беруі  уақыт пен сабырлықты талап ететінін айтты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі