Жаңа басшылар тағайындалды

Ақтөбе облысының Қаржы басқармасына және  Еңбек, әлеуметтік қорғау, көші-қон Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жаңа басшылар тағайындалды 

Дүйсенбі, 26  тамыз күні облыс әкімі  Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат жиыны өтті.

Оған облыс әкімінің орынбасарлары, департмент, басқарма басшылары мен видеобайланыс арқылы  қала, аудан әкімдері қатысты. Аппараттық мәжілісте облыс әкімі  жаңа басшыларды таныстырды. Ақтөбе облысы  әкімінің өкімімен Ақтөбе облысының қаржы басқармасының басшысы лауазымына Бекбол Сағын, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты  хатшысының бұйрығымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Алмаз Әлімбаев тағайындалды.
Бекбол Сағын 1972 жылы туған. Жоғары білімді. Алматы халық шаруашылығы институтында, Қазақ гуманитарлы-заң университеті, Қазақ инженерлі – техникалық академиясында білім алған. Еңбек жолын 1993 жылы Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік қаржылық бақылау Комитетінің басқармасында аға, бас бақылаушы-тексеруші болып бастаған. Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы болып жұмыс жасаған. Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласының қаржы басқармасының басшысы, Ақтөбе қаласының әкімі,  Астана қаласының «Алматы» ауданының әкімі қызметінде болған. 

Ал, 41 жастағы Алмаз Әлімбаев Қ. Жұбанов, «Қайнар» университеттерінің түлегі.  Еңбек жолын 2001 жылы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының маманы, Қарғалы ауылдық округі әкімінің орынбасары,  Қарғалы, Новый ауылдық округінің  әкімі, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Аймақ басшысы жаңа қызметке жайғасқан азаматтарға сәттілік тілеп, нәтижелі жұмыс күтетініне сенім білдірді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі