Биыл Ақтөбе облысының мал шаруашылығы саласына 5,7 млрд теңге бөлінді

7-тамыз, сәрсенбі  күні облыс әкімі  Оңдасын Оразалин жаңадан салынып жатқан   «Milker» ЖШС  құрама жем зауытының құрылысы және  алдағы жоспарларымен танысты. Кәсіпорын құрама жемді өңдеу, өндіру, сақтау жұмыстарымен айналысады. Осы жылдың қыркүйек айында құрылысын аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда 2 527 га көлемінде ірі және шырынды мал азығын өндіру жұмыстары жүргізілуде. Толықтай іске қосылса, жылына  12 мың тонна құрама жем өндіруге қуатты болмақ.
Аймақ басшысы сондай-ақ,  «Рад Агро» шаруа қожалығының суармалы жерлерінде өсіріліп жатқан жүгері егістіктерін аралады. 350 га жерге  арпа, 534 га  судан шөбі, 184 га күздік бидай, 81 га суармалы жерге  жүгері дәнін еккен.Өндірілген өнім мал азығы мақсатына  пайдаланылады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында субсидия арқылы  лизинг,   техникалық жабдықтар, тыңайтқыштарға қол жеткізген. Сонымен қатар,  серіктестік  ірі қара мал өсірумен де айналысады. 180 сүтті тұқымды қызыл сиырдан күніне 3,0 тоннаға дейін сүт алынады.
Бұдан соң, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен  Кеңсахара  ауылдық округінде «Ақтөбе облысында мал шаруашылығы, мал азығы және көкөніс өндірісінің дамуы» тақырыбында көшпелі семинар өтті. Ауқымды басқосуға  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Марат Тағымов, Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің  басшысы Еркебұлан Ахметов арнайы келді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы және 130-ға жуық ауыл шаруашылығы құрылымдары, облыстық басқармалар және қаржы институттарының басшылары қатысты.Оңдасын Оразалин АШ саласында  атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
2019 жылдың 6 айында облыста  69,5 мың тонна тірі салмақта ет өндіріліп, көлем 105,6% артқан, сүт тиісінше 163,7 мың тонна, 103,1%, жүн – 1919,3 тонна, 102,3% өскені байқалады. Асыл тұқымды мал бас саны да  артуда. Ауыл шаруашылығы малдарының барлық түрлері бойынша өсім 102,0-112,0 пайызды құраған.
«Елбасы аграрлық секторды экономиканың драйвері ету туралы тапсырма қойды, осы  тапсырманы орындау үшін Үкімет тарапынан үлкен  қолдаулар көрсетілуде. Өңірде мал шаруашылығы саласына 2019 жылы 5,7 млрд.теңге бөлінді. Субсидия 391 шаруашылыққа аударылды»,-деді Оңдасын Оразалин.
Шаруашылықтар тарапынан  түскен өтінімдердің көптігіне байланысты,  және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға АШМ-не қосымша   5,9 млрд.теңге қаржыға бюджеттік өтінім берілген. Облыста мал шаруашылығында өндірілетін өнім, мал басы жыл сайын артып  келеді.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша шет елдерден ІҚМ аналықтарын импорттау тапсырмасы 16,0 мың бас, қой аналықтарын сатып алу тапсырмасы 30,0 мың қой болса,бүгінгі күні 10 301 бас ІҚМ және  18 844 бас қой сатып алуға өтінім мақұлданып, шаруашылықтар сатып алуға кірісті. Сиыр етін экспорттау жоспары 4,0 мың тонна болса, бүгінгі күні барлығы 2,0 мың тонна сиыр еті және 60,0 тонна қой еті және 485,0 тонна шошқа еті экспортталды»,-деп атап өтті аймақ басшысы.
Жиын соңында   облыс әкімі семинардың қорытындысын шығарып, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, мамандар  ауылшаруашылығына қатысты ой пікірлерімен бөлісіп, облыстағы жүздеген шаруа қожалық иелері  бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Басқосудан соң, облыс басшысы бастаған делегат сүт өнімдерін өндіруші   «Мәртөк Сүт» кәсіпорнының жұмысын көрді. 2004 жылдан бастап іске қосылған зауыт тәулігіне 30 тонна сүт өңдейді. Шикізатты сатып алуды ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен және аудан тұрғындарымен бірге  жүзеге асырады.Кәсіпорын сүт, йодталған сүт, айран, ряженка, варенец, снежок, қаймақ, брынза, май, сүзбе массасын өндіреді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі