Биыл Ақтөбе облысында 500 шақырымнан астам автокөлік жолы жөнделеді

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді.

Өңір Қазақстанның негізгі көліктік-транзиттік дәліздерінің бірі болып табылады, сондықтан, көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылады.  

Оңдасын Оразалиннің айтуынша облыстың көкейкесті мәселелерінің бірі – жол сапасының нашарлығы болып қала бермек.

 «Осы жылы жергілікті жолдардың желісін дамыту үшін қаражат 1,3 есе өсіп, 43,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл 500 шақырымнан астам жергілікті жолды жөндеуге мүмкіндік береді. Келесі жылы «Ақтөбе-Қандыағаш», «Ақтөбе-Орск (8-16 км)» жолдары жөнделіп, «Ақтөбе қаласының Батыс айналма жолы» салынады. Үкіметпен бірлесе отыра «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын», «Орталық-Батыс» жобалары  пысықталатын болады. Біз бір шақырым жолдың өзіндік құнын төмендететін Канаданың жаңа технологиясын қолдануды жоспарлап отырмыз,- деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ, облыс әкімі транзит әлеуетін дамыту аясында Ресеймен шекарадағы  «Әйтеке би – РФ Союзное» және «Жиренқопа – Бірінші мамыр», сонымен қатар Өзбекстанмен шекарада Бозой ауылы жағындағы бекеттердің мәртебесін халықаралық дәрежеге көтеріп, үш халықаралық өткізу бекетін ашу сұрағы пысықталып жатқанын атап өтті.

Өңір басшысы: «Бұл шаралар жолаушылар мен жүк ағынын екі есе өсіруге мүмкіндік береді. Сарапшылардың мәліметінше көлік инфрақұрылымына салынған 1 млрд. теңге, жалпы ішкі өнім үлесі экономиканың барлық саласына мультипликативтік нәтижені қамтамасыз ету есебінен 1,6 млрд.теңгеге дейін өсуде»,- деп атап өтті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі