Бестамақ ауылына газ барды

11 қазан, жұма күні Ойыл ауданы Саралжын ауылдық округі Бестамақ ауылында газ құбыры іске қосылды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі ауыл тұрғындарын қуанышты күндерімен құттықтады.
"Елбасының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясына сәйкес, облысымыздың барлық елді мекендерін газбен қамту қолға алынып, жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.Бүгінгі таңда Ойыл ауданының 9,1% елді мекенімен тұрғындар санының 38,3% көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Іске қосылғалы тұрған газ тарату құбыры желісін тарту жұмыстары 2017 жылы басталды және бюджет есебінен жалпы құны 1 млрд 47 миллионнан астам теңге қаражат бөлінді",- деп атап өтті өңір басшысы.
Оңдасын Оразалин бұдан соң көгілдір отынның тұтынушыларға жеткендігін қарау мақсатында табиғи отынға алғаш болып қол жеткізген ауыл тұрғыны Балтабай Бейсеновтің шаңырағында болды. Аймақ басшысы биылғы оқу жылы пайдалануға берілген 60 орындық Тайсойған негізгі мектебінде болды. Тоғыз жылдық орта мектепте 41 оқушы білім алуда. 10-11 сынып оқитын ауыл оқушылары аудан орталығындағы интернатта оқиды. Оңдасын Оразалин білім ошағының интернет желімен қамтылу жағдайымен танысты. Ауылда интернет желісі жұмыс жасамайтындықтан байланыс саласының мамандары "Қазақтелеком" АҚ ұсынған жеке пакеттерді мектеп пен медпунктке орналастырған. Облыс әкімі интернетке қолжетімділікті арттыру мақсатында бұл әдісті ауыл тұрғындарына да ұсыну қажеттігін айтып өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы жаңа мектеп ауласына шырша ағашын екті. Оңдасын Оразалин Саралжын ауылдық округі, Қоңырат елді мекеніндегі Асыл тұқымды МІҚ шаруашылығымен айналысатын «Тәжібай-Агро» ЖШС де болды. ШҚ- тың алаңында мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Көрмеге аудандағы "Тәжібай АГРО", "Есен", "Ақжол- М", "Дарханбек" т.б етті бағыттағы ірі қара мал қожалықтарының жұмыстарымен танысып, шаруалардың жағдайын білді. Қожалықтар үшін мал терісін өткізетін орынның болмауы өзекті мәселеге айналған.

Оңдасын Оразалин ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайға және Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевқа ауданда мал сою алаңы мен тері өңдеуге арналған орын салу мәселесін қарап, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ауданда 46 ЖШС, 328 ШҚ бар. 36 мың 803 бас мүйізді ірі қара, 169 мың 316 бас қой-ешкі, 9976 бас жылқы, түйе саны 79 құрап отыр.
Өңір басшысы жұмыс сапары соңында Ойыл ауданындағы ауыл шаруашылығы бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша қожалықтармен кездесті. Жиынға қаржы институттарының өкілдері қатысты. Аудан әкімі ауылшаруашылық бағытындағы атқарылған жұмыстарды баяндады.
"Президент біздің алдымызға аграрлық секторды экономиканың драйвері ету туралы тапсырма қойды. Тапсырманы орындау үшін Үкімет тарапынан зор мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Облыста мал шаруашылығы саласына 2019 жылы 5,7 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі күні 4,0 млрд.теңге игерілді. Субсидия 391 шаруашылыққа аударылды.Шаруашылықтар тарапынан өтінімнің көптеп түсуіне және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға байланысты біз өз тарапымыздан АШМ-не 5,9 млрд.теңге қосымша қаржыға бюджеттік өтінім бердік.Осындай қолдаулардың арқасында облыста мал шаруашылығында өндірілетін өнім, мал басы жыл санап өсіп келеді",-деді облыс әкімі. Оңдасын Оразалин Ойыл ауданының әкіміне мал азығын арттыру, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру , жаңа технологияларды енгізу, ірі мал бордақылау алаңдарын салу мәселесін
қарастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі