Ақтөбе халықаралық әуежайы ішкі рейстерді қабылдауға әзір

7 мамыр күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе халықаралық әуежайында болды.

«Ақтөбе халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Құсман аймақ басшысына әуежайдың дайындығын көрсетті. Басқарма төрағасы барлық санитарлық талаптардың орындалғандығын және ішкі рейстерді қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Көліктегі тауарлар мен қызметтік сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Бақыт Жұмағалиев 11 мамыр күні аймақта карантин тоқтатылуы ықтимал болғанымен, санитарлық талаптар күшейтіле түсетіндігін айтып өтті.

Азаматтар арасында әлеуметтік ара қашықтықтың сақталуы және жолаушылардың жол жүру құжатымен бірге денсаулығы туралы анықтама көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, жолаушылардың дене қызуы өлшеніп, құжаттары тексеріледі, шығарып салушылар ғимарат ішіне кірмейді.
Қауіпсіздік мақсатында әуежай алдына дезинфекциялық туннель орнатылған.

Облыс әкімі азаматтардың денсаулығы үшін жасалған жұмыстарды оң бағалап, әлде де бірқатар кемшіліктерді қалыпқа келтіру қажеттігін айтты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі