Ақтөбе облысының әкімі: Өңірде шағын және ірі өнеркәсіп саласын дамыту қажет

31-шілде, сәрсенбі  күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбедегі  бірнеше нысандардың жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен «Оңтүстік айналма жолының» 0-21,5 шақырымы және 21,5-35,3 шақырым телімдерінде жүргізіліп жатқан қайта құру  жұмыстарын бақылады. 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған жоба Ақтөбе қаласының айналасында транзиттік көліктердің жүруіне және республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолының Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолымен айналып өтуіне  мүмкіндік береді. Аймақ басшысы  мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі қарқынды жүргізуді тапсырды.
Оңдасын Оразалин жылына 6 мың тонна макарон өнімдерін шығарумен айналысатын «Ново-Альджанский мелькомбинат» ЖШС-гі  кәсіпорнының жұмысын көрді. Мұнда 15 түрлі өнім өндіріледі. Зауыт басшысы Бекнұр Беисов  дайын  жаймалар мен кеспе өнімі сұранысқа ие екенін айтады. Ақтөбе облысынан өзге, РФ,Түркіменстан, Ауғанстан елдеріне экспортталады.
Өңір басшысы   жұмысшыларға арналған  арнайы киім тігетін цех жұмысымен танысты.  «Глобал Спецодежда» ЖШС арнайы киімдердің барлық түрін жасайды.  Тапсырыстар қабылдап, ірі кәсіпорындармен келісім-шартқа да отырған. Өткен жылдан бастап тігін  цехы жанынан «Үміт» оқу-өндірістік кешені ашылды.  Тігіншілікті үйретуді қолға алған оқу орталықта  мемлекеттік  «Еңбек» бағдарламасы аясында  200-ге жуық адам оқып шығып, олардың 95% жұмыспен қамтылған. Оқу мерзімі  6 айды құрайды. Дуалдық  оқыту жүйесі арқылы колледж студенттері де білім алады.
Аймақ басшысының жұмыс сапары  құрылыс материалдарын өндіруге арналған «Көктас-Ақтөбе» АҚ  зауыты құрылысының жұмысын көрумен  жалғасты. Құрылыс жұмысы толық іске қосылса, жылына  120 млн. дана силикат кірпішін, 18 мың тонна әк, 72 мың тонна  шақпатас өндіруге қуатты болмақ.
«Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы  Руслан Мамунов облыс әкіміне арнайы экономикалық «Evrazia» аймағына кіретін екі мемлекеттің біріге жасаған   «Ақтөбе-Gebze» индустриялды паркінің   орналасатын жерімен  таныстырды. Айтып өтейік, бұл жоба жақында ғана  екі жақты келісілген меморандум шеңберінде жүзеге асуда.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі  орынбасары  Қайрат Бекеновке  жүргізіліп жатқан құрылыс  жұмыстары мен өңірдегі кәсіпорындардың  жұмысын одан әрі дамыту бойынша  бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Ақтөбе облысында  кәсіпорындардың жұмысын одан әрі жандандыру керек,мемлекеттік  бағдарламалар арқылы  шағын және ірі өндіріс орындарының  санын арттыруда  кәсіпкерлерге  барынша қолайлы жағдай жасау қажет»,-деді Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі