Ақтөбе облысының әкімі жас мамандарға 1 млн 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады

2 қазан, сәрсенбі күні Ақтөбе облыстық медицина орталығында «Жас мамандардың мамандыққа бастамасы» атты жас дәрігерлерді қолдауға арналған шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыс әкімінің орынбасары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медициналық орталықтың бас дәрігері, денсаулық саласында қызмет еткен ардагерлер қатысты.
Аймақ басшысы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина институтын бітіріп «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдарға жұмысқа орналасқан 45 жас дәрігер маманның әрқайсысына 1 млн 500мың теңгенің сертификатын табыстады.
«Сіздердің адам жанының арашасы ретіндегі дәрігерлік мамандықтарыңыз ерекше құрметке лайық. Орталарыңызға келіп, алдыңғы буын ардагерлермен бірге жаңадан еңбек жолын бастап жатқан жас мамандармен кездесу мен үшін үлкен ғанибет. Президент алғашқы медициналық көмек адамдарға барынша жақын болуы керектігін тапсырған болатын. Облыста медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді»,-деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы Алматы қаласында дәрігерлер арасында өткен халықаралық турнирде үшінші орынға қол жеткізген ақтөбелік дәрігерлерден құралған футбол команданың әрбір мүшесіне 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Шалқар аудандық орталық ауруханасына бірі хирург, бірі терапевт болып жұмысқа орналасқан жас жұбайлар өздеріне көрсетілген қолдауға разылықтарын білдіріп, облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғыстарын жеткізді.
Айтып өтейік, биыл облыстан 45 азамат ауылдық жерлерге жұмысқа жіберіліп отыр. Өткен жылы көрсеткіш 32 болған.
Ақтөбе облысының денсаулық саласында көптеген жұмыстар атқарылып келеді.

Мәселен, соңғы 5 жылда облысымызда заманауи құрылғылармен жабдықталған 36 медициналық нысан пайдалануға берілді. 

Бүгінгі күнге 5 нысанның құрылысы жалғасуда. Темір ауданының Шұбарши ауылында 50 адамға арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. 2020 жылы заманауи талаптарға жауап беретін облыстық перинаталды орталық кешені пайдалануға беріледі. 2021 жылға Шұбарқұдық елді мекенінде, орталық аудандық ауруханасының құрылысы жоспарланған.
Өңір басшысы Ақтөбе медициналық орталығы, Медицина мұражайының тыныс-тіршілігімен, техникалық жабдықтарымен танысып, науқастардың жағдайын білді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі