Ақтөбе облысының әкімі елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жиын өткізді

15 наурыз, жексенбі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жариялаған төтенше жағдайына байланысты  шұғыл жиын өткізді. Облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері мен департамент, басқарма басшылары, сауда орындарының өкілдері қатысқан басқосуда  Ақтөбе облысында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, алдын-алу шараларын күшейту мәселесі талқыланды.
«Дүние жүзіне тараған індетке қатысты  өз тарапымыздан жан-жақты шараларды қамтамасыз ететін боламыз. Салғырттық танытпау қажет, әрқайсысымызға артылған тиісті міндеттерді дұрыс атқарып, үлкен жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз»,-деді Оңдасын Оразалин.
Өңір басшысы тұрғындарды үрейленбеуге шақырды. Ақтөбедегі «Дина», «Анвар» сынды азық-түлік дүкендері сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер «Азаматтарға арналған үкімет»  тоқтаусыз жұмысын жалғастырады.
Аймақ басшысы сауда орындарының басшыларына  азық-түлік бағасын көтермеуді, және  қызметкерлерінің  сақтық шараларын орындауын сондай-ақ, қоғамдық көлік тасымалдау мекемелерінің басшыларына автобустарда   дезинфекция жұмыстарын жүргізуді  тапсырды. 
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке барлық қоғамдық орындарға   COVID-19 коронавирусының белгілері  жайында хабарландырулар тарату қажеттігін және Ақтөбеде шығарылатын  бетперде санын арттыру қажеттігін айтты.
Облыс әкімі жиынға селекторлық режимде   қатысқан аудан басшыларына аудандарда құрылған   Шұғыл штаб жұмысын жандандыру керектігін атап өтті.
«Ақтөбеде жағдай тұрақты, дегенмен де «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Біріншіден жауапкершілік,   ұйымшылдық, ауызбіршілік  таныту арқылы ақтөбеліктердің бұл сынақтан да сүрінбей шығарына сенемін»,-деді аймақ басшысы.
Айтып өтейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының барлық аумағында  2020  жылғы  16  наурыздағы   08  сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілу туралы шешім қабылдады.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі