Ақтөбе облысының мәслихат хатшысы ҰОС ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

Соғыс әйел затына тән емес. Әйел адамзат өмірін жалғастырушы, сұлулық пен нәзіктіктің нышаны. Бірақ өмір болғасын небір қиындықтарды төзуге тура келеді. Бүкіл ел өз Отанын қорғауға, соның ішінде бойжеткен қыздар ерлермен тең қатарға шықты. Қазіргі таңда біздің өңірде үш әйел Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Олардың бірі - Лоткова Вера Павловна.
Бүгін Ақтөбе облысының мәслихат хатшысы Сәния Мұсақызы Қалдығұлова Ұлы Отан соғысының ардагері Вера Павловнаны Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап барды.
Құттықтау барысында Сәния Мұсақызы Вера Павловнаға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан құттықтау хат, Ресей Президенті В.В.Путиннің жолдаған медалін, облыс әкімі О.С.Оразалиннің атынан алғыс хат пен атаулы сағат табыс етіп, шай, ет және сүт тағамдары, жеміс-жидек, тәттілер жиынтығынан құралған азық-түлік апарды.
Әңгіме барысында Вера Павловна соғыс жылдарының естеліктерімен, сол кездегі қасірет пен ауыртпалықтарды күрсіне есіне алып, бөлісті. Қазір ол 96 жаста. 18 жасар қыз Вера Павловна майданға байланысшы болып түсіп, соғыстың барлық қиындықтарына: бомбалар мен оқтарға шыдады. Майданда Вера Павловна өз махаббатын кезіктіріп, бірге Отан қорғады, Жеңісті ол Берлинде қарсы алған. Вера Павловна жалынды жастық кезі туралы, соғыстан кейінгі өмірі жайында қызықты әңгімелерін айтты. Өкінішке орай, оның жұбайы өмірден озған екен. Егде жасына қарамастан Вера Павловна рухы мықты жан, ашық және болашаққа сенімді! Келесі жылы Жеңіс күніне арналған шеруге қатысуға үміті зор.
Вера Павловна барлығына ыстық ықыластары мен сыйлықтары үшін алғыс айтып, бейбітшілік пен жақсылық тіледі.