Ақтөбе облысында "Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету" жобасы қорытындыланды

2 қазан, сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық терроризмге қарсы комиссия отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасаралары, аппарат басшысы, қала әкімі, департамент, басқарма басшылары мен видеобайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.
Басқосуда 20 тамыз-20 қыркүйек аралығында Ақтөбеде өткен десант жұмыстары яғни, әрбір басқармаға жүктелген «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Кезекті отырыста дін, білім, кәсіпкерлік, ішкі саясат, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары есеп берді.
«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының іске асуы бойынша баяндаған дін басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев 1 ай ішінде тұрғындар арасында, ірі кәсіпорындар мен білім беру мекемелерінде 469 шара ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Ол жұмыстар мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, дін саласына қатысты ақпараттық насихат жұмыстары болып табылады. Тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін кеңінен қамту, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік органдарға деген сенімді ояту мақсатында үш рет «Ашық есік күні» өткізілген. «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, Ақтөбе қаласы әкімдігі құрылымдық бөлімдерінің мамандарымен қабылдау жүргізілген. Жалпы саны 200-ден астам адамға кеңестер мен көмектер көрсетілген.
Сондай-ақ, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ерлан Назаров халық арасында кәсіпкерлікпен айналысудың тетіктерін үйретуге бағытталған 66 іс-шара ұйымдастырған. Оған 1100-ден астам азамат қатысқан. Оларға бизнесті мемлекеттік қолдаудың құралдары түсіндіріліп, несие, кепілдік беру, БЖК-2020 бойынша гранттарды алу, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту, «Бизнес-Бастау», «Бизнес – Кеңесші» оқулары, көше саудасын жүзеге асыру үшін орын алу, бизнес үшін жер телімдерін ресімдеу, құрылысқа рұқсат беру және т. б. мемлекеттік қолдау алу мүмкіндіктерімен таныстырған.Нәтижесінде 12 азамат «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлікті оқуға ниет білдірген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласындағы 23 кәсіпорынға қолдау көрсетілген. «Даму» Қоры арқылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 10 кәсіпкер жалпы сомасы 67,8 млн.теңгеге бизнес жүргізу үшін шағын несие алған.
«Әрбір азамат, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықты сезінуі тиіс,Президенттің халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған тапсырмалары Ақтөбе өңірінде жүйелі түрде шешіліп келеді. Сондықтан өңір тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына барынша қолдау көрсетілуі керек»,-деді облыс әкімі.
Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов баяндама жасады. Айтуынша басқармаға қатысты 20 ға жуық бағдарлама болса, оның 80% атаулы әлеуметтік көмекке қатысты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүзеге асқан. 270 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 195 азамат қысқа мерзімді кәсіби даярлаудан өткен. Дегенмен ұсынылған жұмыстан бас тартатындар да жетерлік.
Ішкі саясат басқармасы жанындағы ақпараттық топ бір ай көлемінде Ақтөбе қаласында 6000-нан астам тұрғынмен 46 кездесу өткізген. Кездесуде тұрғындар тарапынан атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын-үй, қоқыс шығару және қоғамдық көлікке қатысты сұрақтар жиі қойылған. Қоғамдық саяси ахуалды анықтау мақсатында тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде қала тұрғындарын бағаның өсуі, автомобиль жолдарының сапасы, экологиялық проблемалар алаңдататыны байқалған.
Сонымен қатар , интернет ресурстарда экстремистік сипаттағы 222 материал анықталып, бұғаттау жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі жиын соңында қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында басқарма басшылары мен қала аудан әкімдеріне жүзеге асатын жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі