Ақтөбе облысында танымал минералды судың өндірісі қайта жаңғыртылды

Все рабочие поездки акима
Сәрсенбі, 23 Мамыр, 2018

Ақтөбе облысында Шалқар ауданының аумағындағы бірегей жер асты көздерінен минералды су өндіретін зауыт ұзақ уақыттан соң қалпына келтірілді.

Өндірісті қалпына келтіруге «Қазақстанның минералды сулары» ЖШС 780 млн теңге салды. Ағымдағы жылдың ақпан айында құю желісі тесттік тәртіпте іске қосылған болатын. 23 мамыр, сәрсенбі күні өндіріс толықтай жұмысқа кірісті. Осы күннен бастап «Shalqar» бренді бар емдік су Ақтөбе облысының сауда сөрелері мен одан тыс жерлерге шығарылмақ.

 Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Шалқар ауданының танымал тумасы, профессор Серік Ақшолақов қатысты.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған, өйткені кіші, орта және ірі бизнес - әрбір дамыған елдің экономикасының негізі. Президент тапсырмасына сәйкес біздің облыста кәсіпкерлікті, соның ішінде тұрып қалған кәсіпорындарды қолдауға қажет барлық шаралар қолданылып жатыр. Шалқар минералды суы өз кезеңінде барлық Кеңес Одағына белгілі болды. Кәсіпорын объективті себептерге байланысты көптеген жылдар бойы жұмыс істемеді. Бүгін ол қайтадан іске қосылды, мен осы қуанышты іс-шарамен, ең алдымен, жергілікті тұрғындарды құттықтаймын. Мен зауыт аймақтың экономикалық дамуына ықпал етеді және оның өнімдері біздің елде ғана емес, сондай-ақ көрші елдерде де сұранысқа ие болады деп сенемін, - деді Бердібек Сапарбаев.

Үлкен минералды азотты-кремний су қоры 20 ғасырдың 50-жылдарының соңында Шалқар ауданында табылған. 1961 жылы қалада минералды су құятын шағын цех ашылды, ал 1979 жылы ол қалпына келтіріліп, жаңа зауыт салынды. Емдік-асханалық минералды судың құрамы шынымен бірегей және пайдалы: «Шалқар» суы Кеңес Одағының бүкіл дәріханаларында сатылатын. 

90-шы жылдардан бастап зауыт тұрып қалды. Бүгінде мұнда бір күнге сыйымдылығы пластикалық және шыны бөтелкелерге 45 000 литр минералды, 75 000 литр газдалған және 0,5 пен 5 литр арасында ауыз су құятын еуропалық  заманауи жабдықтар орналасқан (жылына 965 000 минералды және 911 000 асханалық су бөтелкелері).

- Жабдықтар, негізінен Италиядан. Минералды су көзінің эксплуатациясына жаңа технологияларды қолданып, оның сапасын нашарлатпай, судың түпнұсқа құрамын өзгертпей және оның қасиеттерін сақтаймыз. Біз өз өнімдерімізді республикадан тыс жерлерде шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін біз сапалы жұмыс жасаймыз, халықаралық сертификаттар аламыз. Тапсырыстар алынады», - деді кәсіпорынның бас технологы Роза Халикова.

Өндірістің басталуымен 40 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген.

 Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі