Ақтөбе облысында мұнай-газ саласына тәуелділік төмендеп келеді

30 қазан, сәрсенбі күні Ақтөбеде облыстық мәслихат «Nur Otan» депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі "Nur Otan" партиясының Ақтөбе облыстық филиал төрағасы Оңдасын Оразалин, барлық деңгейдегі маслихаттардың депутаттық фракция жетекшілері мен аудандық партия филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Жиында облыстың даму қарқыны мен осы жұмысты күшейту шаралары талқыланды.

Аймақ басшысы «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы және Ақтөбе облысындағы территорияларды дамыту бағдарламасының орындалуын баяндады.
«2016 жылдан бастап өңірдің экономикасы 2-ден 2,7 трлн.тг. дейін, яғни 30%-ға өскен. Экономиканы әртараптандырудың оң үрдісі белгіленіп, облыста мұнай-газ саласына тәуелділік төмендеген. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 10,8%-дан 13,7%-ға дейін, ал еңбек өнімділігі 43%-ға артты. Өңірге 1,3 трлн. теңге инвестиция тартылды. Ал, ағымдағы жылы қосымша 600 млрд.теңгеге жуық инвестициялар салынатын болады»,-деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі жыл сайын өңірде экспорттық әлеуетті арттыратын шикізат емес сектордың 25-тен астамы экспортқа бағдарланған кәсіпорындар қызмет ететіндігін айтты.

Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бастап 70% тұрақты 72 мың жаңа жұмыс орындары құрылған. Ауылшаруашылық өнімдерінің де көлемі артып, 2015 жылмен салыстырғанда 120% артқан.
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін осы жылы 3,6 млрд теңге бөлінді. Биыл облыс тұрғындарының 89,4% газбен қамтамасыз етіледі, бұл республика бойынша жақсы көрсеткіш.Үкіметтің қолдауымен жақында газбен жабдықтауға қосымша 2,5 млрд теңге бөлінді. Жобалар Әйтеке би, Алға, Ырғыз, Қобда, Темір, Байғанин аудандарында іске асырылып жатыр. 
Өңірде 40 тан астам мектеп салынды. Жыл соңына дейін 5 мектеп пайдалануға берілмек.
Фракцияда Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын» таныстырды. Ол бюджетті қалыптастыру кезінде негізгі мақсат әлеуметтік тұрақтылық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын одан әрі арттыру жөніндегі бастамаларды іске асыруға басымдық берілгендігін атап өтті. Жиын барысында депутаттар ауыз су, мектеп салу мәселесіне қатысты сауалдарына нақты жауаптар алды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі