Ақтөбе облысында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Алға ауданына сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарақұдық орта мектебінің ашылу салтанатына қатысты.

Қазіргі таңда құрамына Тікқайың мен Көктоғай ауылдары кіретін Қарақұдық ауылдық округінің орталығында 1560 адам тұрады.

Мектеп биыл салынған екі қабатты типтік ғимаратта орналасқан. Жаңа білім беру мекемесінің құрылысына 321 млн теңге бөлінді. Құрылысты мердігер компания "Бабек-Құрылыс" ЖШС жүргізді.

- Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі әлеуметтік салаға, соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтауға назар аудару. Жыл сайын мектептер мен медициналық мекемелер құрылысына қыруар қаражат бөлінуде. Өскелең ұрпаққа барлық жағдай жасалып келеді. Жаңа мектеп құрылысы - соның дәлелі, - деді ауыл тұрғындарын құттықтаған облыс басшысы.

35 мұғалім жұмыс істейтін мектеп былтыр ҰБТ қорытындысы бойынша 89,3% көрсеткішке қол жеткізді. Білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасы қажетті стандарттарға сай. Мектепте 45 орынға есептелген шағын орталық бар.

Сонымен бірге, Бердібек Сапарбаев Маржанбұлақ ауылдық округі Маржанбұлақ ауылындағы балабақша құрылысымен танысты. Мектепке дейінгі мекеме мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатыр.

Жобаның құны шамамен 150-160 млн теңге. 2016 жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарының 60 % аяқталады деп күтілуде, балабақша 2017 жылдың қыркүйек аййында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

 

"Ақтөбе ақпарат" орталығы