Ақтөбе облысында былтыр 33 жаңа білім беру нысаны салынды

Бұл туралы халықпен есептік кездесу кезінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мәлімдеді. Өңір басшысы 2016-2019 жылдарға арналған ғылым мен білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырудың қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті.

«2 мың орындық 21 балабақша пайдалануға берілді. Бұл 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуға мүмкіндік берді. Балабақшаға тіркеу және жолдама беру электрондық форматқа ауыстырылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларының тамақтануына 70% жеңілдік төлеу мәселесі шешілді. Сондай-ақ, пайдалануға берілген 12 мектеп 5 үш ауысымды, 7 ескі және апатты жағдайдағы мектептер проблемасын шешуге мүмкіндік береді»,- деді өңір басшысы.

Апатты жағдайдағы мектептердің ғимараттарын қайта жаңартуға, күрделі жөндеуге және жаңғыртуға, сондай-ақ оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыруға көп көңіл бөлінеді. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді, сонымен қатар, оқушы орындарының жетіспеушілігін жою үшін1 880 орындық 5 мектеп пайдалануға беріледі. Ағымдағы жылы Батыс-2 ауданында жеке инвестициялар есебінен 1800 орындық екі мектептің құрылысы жүргізілуде.

2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі арқылы Ақтөбе қаласының автожол, медициналық және политехникалық колледждерінің 500-ден астам студентін жатақханамен қамтамасыз ету жобаларын іске асыру жоспарлануда. Облыста денсаулық сақтауды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа медициналық мекемелер салынып, жұмыс жасап тұрған емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығаюда, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы жоғарылауда.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы облыс тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Соңғы 3 жылда өңірде жалпы құны 11 млрд.теңгеден астам 30 медициналық мекеме салынды. Олар жедел медициналық жәрдем станциясы, «Дару жарығы» офтальмологиялық клиникасы, 12 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік – акушерлік пункт, 6 медициналық пункт сынды ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандары. Медициналық мекемелерді заманауи инновациялық медициналық жабдықтармен жабдықтау жылдан жылға жақсарып келеді. Осының барлығы облыстың негізгі демографиялық көрсеткіштерінің жақсаруына әкелді. Соңғы 3 жылда облыста халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 72-ден 73,4 жасқа дейін, бала туу – 4,9%-ға өсті, жалпы өлім-жітім 5,7%-ға төмендеді»,- деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі сондай-ақ, спорт нысандарының да салынып жатқанын атап өтті. Мәртөк ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. 2020 жылы Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би, Байғанин, Темір және Хромтау аудандарында бұрын басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Ақтөбе қаласындағы ипотерапия әдісімен дене мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалту және емдеу үшін ат қорасы бар жабық манеж құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі