Ақтөбе облысында «қарапайым заттар экономикасының» 37 жобасы пысықталуда

 Ақтөбеде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен қарапайым заттар экономикасын дамыту сұрақтары бойынша жиын өтті. Жиын жұмысына даму институттарының, екінші деңгейлі банктердің, бағдарламаның әлеуетті қатысушылары – кәсіпорындардың басшылары, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен аудан әкімдері селектрлік тәртіпте қатысты.

Жиынды ашқан Оңдасын Оразалин: «Тұңғыш Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында кәсіпорындарға халық тұтынатын тауарлардың кең тізімдемесін игеруде, «қарапайым заттар экономикасын» дамытуда қолдау көрсетуге тапсырма берілген. Нәтижесінде мемлекет өңдеуші өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 600 млрд теңге бөлді. Бұл тек экспорт әлеуетін жүзеге асыру үшін ғана емес, ішкі нарықты отандық тауарлармен молайтуда да маңызды»,- деп атап өтті.

Ақтөбе облысында жобалық кеңсе арнайы құрған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері құны 25,2 млрд теңге болатын 37 жоба анықтылды және қазіргі таңға дейін пысықталып жатыр, олардың алтауы екінші деңгейлі банктердің қаралуында.

Өңірдегі халық тұтынатын тауарлар өндірісінің даму келешегі туралы егжей-тегжейлі баяндамамен таныстырған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов: «Аталмыш жобаларды қаржыландырудың нәтижесінде құрама жем, арнайы киімдер, макарон, шұжық және ұн өнімдері, мұздатылған жартылай фабрикат, күнбағыс майы, пластик өнімдерін шығаратын қолданыстағы өндіріс қуаттылықтары жолға қойылып, ұлғаятын болады»,- деп жеткізді.

Оның сөзінше, облыс аудандарын саралап қарағанда осы бағдарламаға қатысуға Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының кәсіпкерлері көп қызығушылық танытады. Сонымен бірге, Қарғалы, Әйтеке би, Қобда, Темір және Хромтау аудандары қазіргі сәтте осы бағыт бойынша бірде бір жоба ұсынбаған. Өңір басшысы аталған аудан әкімдерін сынға алып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл ретте Оңдасын Оразалин халықтың әл-ауқатын көтеріп, дүниежүзілік жағдаяттың ауытқуына берілмейтін тұрақты экономика құру үшін «қарапайым заттар экономикасын» дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, жиын кезінде қолданыстағы кәсіпорындардың мысалында өңірдегі тігін индустриясы мен жиhаз саласын дамытудың қазіргі жағдайы мен әрі қарайғы келешегі егжей-тегжейлі қаралды.

Жиын соңында облыс әкімдігі, «Атамекен» кәіпкерлердің өңірлік палатасы, сонымен қатар «Анвар» және «Дина» сауда желілерінің арасындағы үшжақты меморандуммен аяқталды. Соңғылары меморандумға қол қоя отыра, жергілікті өндірістегі  халық тұтынатын тауарарды өткізуге қолдау көрсету міндетін өз мойындарына алды.

Айта кетейік, «қарапайым заттар экономикасы»бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында өңір билігі халықтың тұтыну сұранысына, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен мемлекеттік органдардың халық тұтынатын тауарларды сатуып алуларына тұрақты түрде сараптама жасап отыр. Сараптамаға сәйкес, бүгінде «Дина» және «Анвар» сауда желілері арқылы халық тұтынатын тауарлардың 63%-ы сатылуда.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі