Ақтөбе облысында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы жүйелі түрде жүргізілуде

Cейсенбі, 12 мамыр күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Облыстағы құрылыс, жолдар және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы салаларындағы «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілуіне қатысты екі мәселе талқыланды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың мәлімдеуінше, аймақта «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына 46 млрд. теңге бөлінген. Ол қаржаттың 38,3 млрд. теңгесіне 210 жоба іске асырылып, 9 мың 348 жұмыс орны құрылды. Бұл жобалар құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жол саласына қатысты. Құрылыс саласындағы 39 жобаның 38-ің конкурстық рәсімдері аяқталып, 24 жобаның жұмысы басталып кеткен. Ал, жолдар бойынша облыстық, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын көше желілерін жөндеу жұмыстарына 20,6 млрд.теңге бөлінген. 128 жобаны жүзеге асыру жоспарда. ТҮКШ нысандарының құрылысы, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта құру және елді-мекендерді абаттандыру бойынша бөлінген 7 401,4 млн. теңгеге 43 жоба іске асырылады. 1 623 жұмыс орны құрылады.
Облыс басшысы Оңдасын Оразалин бірінші орынбасарына аталған жобаларды уақытында жүзеге асыруды және құрылыс материалдарын пайдалануда отандық өнімдерге басымдық беру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Нұржауған Қалауовқа осы мәселердің жүзеге асырылуын үнемі қадағалап отыруды тапсырды.
Өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілуіне тоқталған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет облыстағы атқарылған жұмыстарды халыққа жеткізу ресми тіркелген 55 БАҚ пен республикалық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері, негізгі әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылып жатқандығын айтты.
ТЖ режимі енгізілгеннен бері 110 тікелей эфир мен 67 брифинг ұйымдастырылған. Карантин режимі аяқталғанмен ақпараттандыру жұмыстары жалғасады.
Мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған сәуір айындағы материалдардың мониторинг нәтижесінде QR код, рұқсатнама алу мәселесі – 19,5%, қоғамдық көлік қызметтері – 13%, әлеуметтік көмек мәселесі – 12,5%, бау-бақша мәселесі – 9,5%, азық-түлік, тауарлар сапасы – 8%, құқық бұзушылықтар – 7,8% құрады. Денсаулық сақтау саласы, эпидемиологиялық жағдай - 7,1%, қоқыс шығару мәселесі, санитарлық тазалық – 5%, басқа да тұрмыстық мәселелер – 14,6% көрсеткен.
Аймақ басшысы орынбасарлары мен облыстық басқармалар департамент басшыларына, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдеріне халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды. Тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарды топтастырып, инфографикалық кестелер арқылы үнемі жауап беруді, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирлерді ұйымдастыруды тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі