Ақтөбе облысында «Жас Сарбаз» қатары толығуда

Жұма, 6 қыркүйек күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен кездесті.
Кездесу барысында аймақ басшысы Ақтөбе облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевқа өз алғысын білдіріп, министрлікпен бірлесіп жасалып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде Ақтөбе облысына жасаған арнайы жұмыс сапарына оң бағасын беріп, Мемлекет басшысының ел алдындағы нақты тапсырмаларын атап өтті. Сонымен қатар, «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қоғамдық бірлестіктеріне қолдау танытып отырғаны үшін облыс әкіміне өз ризашылығын білдірді.
- ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсына отырып, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру қажет екеніне тоқталып өтті. Осы тапсырманы іске асыру үшін Қарулы Күштер өңірлерде «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қоғамдық бірлестіктерін құрып, мектептерде тәрбие жұмысының рөлін арттыра түсуде. Еліміздің болашағы саналатын өскелең ұрпағымызды жан-жақты қолдап, әскери-патриоттық тәрбиелеу ісін дамыту келешегімізге нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Әскери-патриоттық тәрбие - ұлтымыздың ұраны, еліміздің болашағы мен бейбіт күнінің негізі екені баршамызға белгілі. Сондықтан бұл саланы жетілдіріп, қолдан келгенше көмек көрсетіп, қолдау жасау біздің кезек күттірмес міндетіміз,- деді облыс басшысы.
Атап өтейік, қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша барлығы 356 әскери-патриоттық клуб пен «Жас сарбаз» сыныптарында 14 мыңнан астам жасөспірім тәлім-тәрбие алуда. Тоқсан сайын қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметшілерімен қала, аудан мектептерінде «Ерлік сабақтары» тақырыптық кештері өткізіліп, «Ашық есік күні» ұйымдастырылады. Әскерге шақыру кезеңінде облыс әкімінің, қоғамдық орғандардың, мәдениет ұйымдарының ҰОС ардагерлері мен ҚР ҚК ардагерлерінің қатысуымен «Әскерге шақырылушылар күнін» өткізу жақсы жолға қойылған. Жиын барысында «Жас Сарбаз» РҚБ Ақтөбе облысы бойынша төрағасы Бағдат Жұмағамбетов баяндама жасады.
Шара соңында ҚР Қорғаныс министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігі және «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ арасындағы азаматтардың әскери-патриоттық тәрбиесі саласындағы ынтымақтастық және өзара іс қимыл туралы үш жақты меморандумына қол қойылды.
ҚР Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев өз сөзін қорыта келе облыс әкімі О.Оразалинге алғысын білдіріп «Жас Сарбаз» төс белгісі мен Ақтөбе облысы бойынша әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің төрағасы куәлігін табыс етті.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі