Ақтөбенің шалғай ауылдарын сымсыз интернетпен және байланыспен қамтуды арттыру қолға алынбақ

12 қыркүйек, бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысына арнайы жұмыс сапарымен келген «Транстелеком» АҚ басшысы Жанболат Надыровпен кездесті. Кездесуге салаға жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Кездесу барысында аймақ басшысы цифрландыру бағыты бойынша Ақтөбе облысында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
- Өздеріңіз жақсы білесіздер Елбасының тапсырмасына орай, елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жақсы іске асырылып келеді. Бұл бағдарламаның мемлекеттік қызметтің сапасын және халықтың тұрмыс жағдайын арттыруға зор септігі тиіп отыр. Қазіргі таңда бұл салаға Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Өкінішке орай, біздің облысымыз кең жолақты интернетпен қамту деңгейі бойынша әлі де жұмыстануды қажет етеді. Сіздердің мекемелеріңіз республика көлемінде коммуникация саласында өзінің ерекше орнын алып отыр. Осыған орай, Сіздің мекеменің қызметі аймағымыздағы шалғайда орналасқан елді мекендерге өте қажетті. Алдағы уақытта бірге жұмыстанып, халыққа қажетті көмекті көрсетеміз деп ойлаймын, - деді облыс басшысы.
Атап өтейік, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның еншілес ұжымы «Транстелеком» АҚ еліміздегі коммуникация саласындағы ең танымал мекеме. Қазақстан нарығында 19 жылдан бері қарқынды жұмыс жасап келе жатқан мекеменің 14 облыста филалы ашылған. Аталмыш мекеме келешекте Ақтөбеде мәліметтерді өңдеу орталығын салуды жоспарлап отыр.
Кездесу соңында облыс әкімі О.Оразалин мен «Транстелеком» АҚ басшысы Ж.Надыров «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы өзара байланысты одан әрі нығайту мақсатындағы екі жақты меморандумға қол қойды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі