Ақтөбенің жолдарын жөндеуге канадалық компаниялар ниетті

9 қазан, сәрсенбі күні  Қобда ауданында жол жөндеу саласына жаңа инновация енгізу жөнінде ауқымды жиын өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өткен  басқосуға Қобда ауданының әкімі, облыстық  автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы, өңірдегі 20- дан  астам  мердігер компания басшылары және канадалық «CanRos GRP Inc» инновациялық материалдар компаниясының президенті Юрий Тарасов пен " Cypher Environmental" өндіруші компаниясының бас инженері Джейми Гладен, Ақтөбе облысы жол саласы, жол активтері сапасының ұлттық орталығы, Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының (Қазжол ҒЗИ) мамандары келді.

- Біздің алдымызда 2025 жылға дейін жақсы және қанағаттанарлық жол сапасының көлемін 95%  немесе 4,7 мың шақырымға жеткізу мақсаты тұр. Жыл сайын облыстық, аудандық маңызы бар  500 шақырым жол жөнделуі тиіс болғанымен, бюджеттен бөлінетін қаржыға 300 шақырым жөндеу мүмкін болып отыр,- деп атап өтті аймақ басшысы.

 Жол жөндеуге жұмсалатын қаржыны үнемдеп, әрі оны сапалы жөндеуге  канадалық "CanRos GRP Inc" компаниясы ниет білдіріп отыр. Осы жылдың қыркүйек айында "Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк" автомобиль жол бойының 3 шақырымын өз қаражаттарына сараптамалық жөндеуден өткізуді бастаған. Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашевтың сөзінше, канадалық компания  өнімін  ҚР-ның территориясында сатуға рұқсат алып,  сараптама жұмысы мақұлданса Ақтөбе жолдарын жөндеумен айналысуы мүмкін.

Шетелдік компания басшысы Юрий Тарасов келген көпшілікке  өзі басқарып отырған кәсіпорынның жұмысын таныстырды. Көптеген елдерде жөндеу жұмыстарын жүргізгенін айтып өтті. Бюджет қаражатына едәуір үнемділік алып келеміз деген компанияның тәсілі қиыршық тастарды қажет етпейді. Бұл тәсіл  шалғай ауылдарға тас жеткізу, жөндеу жұмыстарын жеңілдетпек. Мәселен, бір шақырым жөндеуге жұмсалатын 40 млн теңге, канадалық кәсіпорынның тәсілін қолданған жағдайда 28 млн- ға дейін қысқарады.

Облыста  жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 5 мыңнан астам км құрайды, оның ішінде тек 2,6 мың км немесе 53% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Бұдан соң, облыс әкімі  "Жарық" ауылдық округіндегі көлтабанды суармалы жерлерді қалыпқа келтіру бойынша жұмыстарды көрді. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет егер гидроқұрылғы орнататын болсақ, көктемде еріген қар суын бөгеп ауданда жалпы 6,500 га суармалы жер пайда болатындығын айтты.

Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында  «Маяк» қызмет көрсету кемпингін аралады. Халықаралық маңызы бар жол бойында орналасқан  кемпинг жолаушыларға  қызмет көрсетеді. 50 адамға арналған  асханасы, 45 орындық жатын бөлмелері бар.

Оңдасын Оразалин Қобда ауданының әкіміне ауылшаруашылық саласына қатысты   жұмыстарды күшейтуді, жөндеуі жүргізіліп жатқан жолдардың сапасын бақылап, оны уақытында аяқтауды тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі