Ақтөбеліктер Ұлы жеңістің майдангерлерін еске алды

Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесіне орай облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірқатар тарихи ескерткіш басына барып, гүлшоқтарын қойды.   

Аймақ басшысы алдымен «Мәңгілік алау» аллеясына барып,  Жеңіс күніне орай  ұйымдастырылған  салтанатты шараға қатысты.  Іс шара ҰОС ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Содан соң, облыс әкімі сұрапыл соғыста қайтыс болған батырлардың рухына тағзым етіп, Даңқ ескерткішіне гүлшоқтарын қойды. Шара барысында ҰОС кезінде қаза тапқан жандардың туған-туыстары қатысып ата-бабаларын еске алды.

Облыс басшысы Әлия Молдағұлованың мемориалды ескерткіші қойылған алаңға барып, салтанатты жиынға қатысушылармен бірге  ержүрек қызды  бір минуттық үнсіздікпен еске алып, гүлшоқтарын қойды.

Өңір басшысы бастаған топ «Батырлар алаңына» барып сұм соғыста ажал құшқандардың құрметіне гүлшоқтарын қойды. Ұлы жеңіс күніне арналған мәдени шара  «ҚР Тұңғыш Президенті» атындағы орталық саябақта жалғасты.

Облыс әкімі жиналған көпшілікті Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесімен құттықтады.

«Жеңіс мерекесі – тарих төрінен орын алатын,  халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі. Осыдан 74 жыл бұрын әкелеріміз бен аталарымыз тұтастай мемлекеттер мен ұлттарды қырып-жойған – фашизмді талқандады. Сондықтан да Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз. Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында соғыс жылдары барлығы 35 миллион адам болса, бұлардың 1 миллион 366 мыңы қазақстандық болды.  Ұлы Отан соғысына ақтөбелік 122 423 мың азамат қатысып, олардың 36 мыңнан астамы елге оралмады. Ақтөбе қаласы мен барлық аудандарда Кеңес Одағының Батырлары атындағы көшелер, скверлер мен саябақтар, жауынгерлік зираттар жөнделіп абаттандырылды»-деді Оңдасын Оразалин. 

«ҚР Тұңғыш Президенті» атындағы демалыс саябағында бірнеше мерекелік шара ұйымдастырылған. Ардагерлердің  құрметіне «Отан үшін от кешкен аталарға мың тағзым» деп аталатын фотоаймақ тақтайшасы қойылған. Бұл фотоаймақта тарихта өшпес із қалдырған ардагерлердің суреттері ілінген. Сондай-ақ, «Батырларға тағзым» акциясы да ұйымдастырылды.

Облыс басшысы акцияға келушілермен емен-жарқын тілдесіп, олармен  бірге естелік суретке түсті. Мерекелік шараға орай орталық саябақта әскери дастархан жайылған. Облыс басшысы ардагерлермен бірге әскери дастарханнан дәм татып, көпшілікпен бірге театрландырылған көріністерді тамашалады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі