Ақтөбеліктер Конституция күнін атап өтті

Бейсенбі, 29 тамыз күні "Өнер орталығында"  «Ұрпақты ұлықтаған Ата Заң!» атты ҚР Конституциясы күніне арналған мерекелік шара өтті.
Салтанатты кешке облыс әкімі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, басқарма басшылары, қоғамдық бірлестік төрағалары, еңбек ардагерлері және т.б қонақтар қатысты.
Аймақ басшысы  барша ақтөбеліктерді Ата Заңның бекітілген күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
"Аңсаған азаттығымызды алып, Ата Заңымызды қабылдағаннан бері тарихи мәні зор талай іргелі істер атқарылды. Бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен тұтастықтың үлгісін көрсетіп, Қазақстан жүздеген ұлт өкілдерінің аяулы атамекеніне айналды. Ең бастысы, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелді. Әлемдік аренада Қазақ елі өз орнын ойып тұрып алды. Осының бәрі Елбасы – Тұңғыш Президентіміздің көрегендігімен, сарабдал саясатының, Ата Заңымыздың  әлеуетінің артықшылығы деп мақтанышпен кеуде кере айта аламыз",-деді Оңдасын Оразалин.
Сонымен қатар, өңір басшысы Конституция күні қарсаңында өмірге келген  3 бөбектің Туу туралы куәлігін, жаңадан  шаңырақ көтерген   3 жас жұбайға неке куәлігін, және 3 азаматқа  ҚР азаматы куәлігі мен естелік сыйлықтарды салтанатты түрде табыстады.
Концерттік шара жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздарының ән шашуымен жалғасты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі