Ақтөбеде FlyArystan авиациялық базасы ашылады

13 қыркүйек, жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қазақстан мен Орталық Азияның алғашқы лоукостері, Эйр Астана әуекомпаниясының бөлімшесі FlyArystan-ның таныстырылымына қатысты. Шараға «Эйр Астана» президенті, әрі бас орындаушы директоры Питер Фостер де келді.

Ақтөбе өңірінің Батыс Қазастан облысындағы бірінші бекеті әрі Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағандыдан кейінгі төртінші авиациялық базасы - FlyArystan келер жылдың екінші жартысында ашылады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында республикадағы авиабилеттердің құны өте жоғары екендігін атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес халықтың тұрмысына ыңғайлы, талап-тілегіне жауап бере алатын әуе қызметін ұйымдастыру тапсырылды. Жолаушыларда әрдайым таңдау болады. Жуырда ғана сіздердің ұшақтарыңызбен «Алматы-Шымкент» бағытындағы әуе рейсін пайдаланып, көңілімнен шыққанын атап өткім келеді",-деді Оңдасын Оразалин.
Бекеттің ашылуы өңірдегі туризмнің дамуына, экономиканың ілгері жылжуына ықпал етеді, сонымен қатар 100-120 жұмыс орындары ашылады.
Жыл соңына дейін әуе паркі 4 бортқа дейін, 2020 жылдың соңына дейін 10 әуе кемесіне дейін ұлғайтылады. 2019 жылдың күзінде Семей-Нұр-сұлтан, Шымкент-Нұр-сұлтан және Павлодар-Нұр-сұлтан бағыттары бойынша ұшулар басталады.
Осы жылдың 29 наурызында билеттер сатыла бастаған болатын. Ақтөбеде екі ұшақ, 10-12 бағыт орналасады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі