Ақтөбеде қазақ билері ұлықталды

 Сенбі, 4 мамыр күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе  облыстық сотына жұмыс сапарымен барды.  

Өңір басшысы облыстық сот ғимаратын аралап, сот отырысы өтетін орындардың  жұмысымен танысты.

Облыстық соттың төрағасы Сәкен Абдолла аймақ басшысына Елбасының  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың  жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру бойынша бірқатар  жұмыстардың  атқарылып жатқандығын жеткізді. Аталған бағдарлама шеңберінде Ақтөбе облыстық сот отырысының жеті бірдей залы билер мен облыстық сот жүйесінде қызмет еткен ардагерлердің есімімен аталады.

Сот  отырысы өтетін залдар Мөңке би, Шеген би, Былшық би, Ермембет бидің есімдерімен аталса, сот отырысы  өтетін 3 залдың  атауы сот жүйесінде әр түрлі кезеңдерде сот төрағалары болып  қызмет еткен Қарақойшы Сахипов, Қойшы  Кейкін, Иран Әміров  cынды  ардагерлердің атымен аталатын болады. Атап өтейік, бұрын сот отырысының  залдары кісі есімдерімен аталмай, нөмірлермен ғана белгіленетін еді.

«Сот саласы да «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыруда тиісті шараларды қолға алды. Тарихи тұлғалардың есімін дәріптеп, бабалар есімін ұлықтауда  жасаған істеріңізге сәттілік тілеймін»,-деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Содан соң, аймақ басшысы мен облыстық сот төрағасы ғимарат айналасына  ағаш көшеттерін отырғызды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі